АҚШ пен Иран 60 күндік бітімді ұзартуға жақын — FT
АҚШ пен Иран 60 күнге созылатын бітімді ұзарту туралы келісімге жақындап қалды. Бұл жөнінде Financial хабарлады.
Басылым мәліметінше, дайындалып жатқан келісім Ормуз бұғазын кезең-кезеңімен қайта ашуды және Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге негіз қалыптастыруды көздейді.
Келісім аясында АҚШ Иран порттарына қойылған блокаданы әлсіретіп, санкцияларды жұмсартуға, сондай-ақ шетелдегі ирандық активтерді кезең-кезеңімен бұғаттан шығаруға келісуі мүмкін.
Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Бағаи 23 мамыр күні Тегеран соғысты тоқтату жөніндегі «өзара түсіністік туралы меморандумды» талқылап жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл құжат алғашқы қадам болмақ. Кейін 30-60 күн ішінде ауқымды келісімнің нақты тетіктері әзірленеді.
«Қазір біз осы меморандумды пысықтап жатырмыз», – деді Бағаи.
Келіссөздер барысымен таныс дипломаттардың бірі келісімнің дұрыс бағытта жылжып жатқанын айтқан.
«Қазір құжат америкалықтардың қарауында. Иран атом энергетикасы мәселесінде едәуір жеңілдіктерге баруға дайын болуы мүмкін. Бірақ соғыс жүріп жатқан кезде бұған келіспейді. Бұл мәміле сол кедергіні еңсеруге көмектеседі», – деді дипломат.
FT мәліметінше, келіссөздердегі ілгерілеу 21-22 мамыр күндері пәкістандық және қатарлық делдалдардың Иран өкілдерімен өткізген жаңа раундынан кейін байқалған. Делдалдар АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен тұрақты байланыста болған.
Иран делегациясын парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф пен сыртқы істер министрі Аббас Аракчи басқарған.
Ал Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Иран тарапы АҚШ-пен келіссөздерде «қайшылықтардың азайғанын» мәлімдеген. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио болса, «белгілі бір прогреске қол жеткізілгенін» айтып, жақын уақытта жаңа ақпарат жариялануы мүмкін екенін жеткізді.
Еске салсақ, ай басында Иран АҚШ-қа 14 тармақтан тұратын соғысты тоқтату және бейбіт келіссөздерді бастау жоспарын ұсынған еді. Онда шабуыл жасамау кепілдігі, Ормуз бұғазындағы иран порттарының блокадасын алып тастау, активтерді бұғаттан шығару және АҚШ әскерін Таяу Шығыстан шығару талаптары қамтылған.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп бұл ұсынысты қабылдамай, өз талаптарын қойған. Вашингтон репарациялардан бас тартуды, ирандық активтердің тек 25 пайызын ғана бұғаттан шығаруды, АҚШ-қа 400 келі байытылған уран беруді және Иранда тек бір ғана ядролық кешен жұмыс істеуін талап еткен.