Қоғам

ЕҰУ студенті жол апатынан екі аяғынан айрылды: көлікті Арыс әкімінің ұлы басқарған

29 мамыр күні Астана-Павлодар тасжолында болған жантүршігерлік жол апатынан 21 жастағы павлодарлық студент Талғат екі аяғынан айрылды.

Фото: әлеуметтік желіден

NewTimes басылымының мәліметінше, ол сессиядан кейін Астанадан үйіне қайтып келе жатқан.

Талғат Астанадағы ЕҰУ-да білім алады. Апат кезінде Hyundai Tucson көлігі металл қоршауға соғылып, қоршау көлік салонын тесіп өткен. Дәрігерлер кейін студенттің екі аяғын жамбас тұсына дейін ампутациялауға мәжбүр болған.

Көлікті 22 жастағы Ердәулет Закиров басқарған. Ол – Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараевтың ұлы. Оған қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзып, адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, жүргізуші соңғы бір жылда жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 29 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соған қарамастан, сот оны үйқамаққа алған. Талғаттың туыстары айыпталушының әкесінің қызметтік жағдайы тергеу барысына әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. Олар істі қоғамдық бақылауға алуды сұрап, Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және сот органдарына жүгінген.

Қазір студент ауыр ем қабылдап жатыр. Туыстарының сөзінше, оған қажетті протездердің құны ондаған миллион теңгеге жетуі мүмкін. Сондай-ақ олар айыпталушының отбасы алғашқы көмектен кейін байланысқа шықпай қойғанын айтты.

Сайт Әкімшілігі