Теміртауда психотроптық зат өндірісін ұйымдастырды деген күдікті Ресейден экстрадицияланды
Қазақстан азаматы Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды. Ол Теміртау қаласында аса ірі мөлшерде психотроптық заттар өндіруді ұйымдастырған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болды деген күдікке ілінген.
Қазақстан Бас прокуратурасының мәліметінше, дайындалған психотроптық заттар мен олардың аналогтары Қарағанды облысында таратылған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін түрлі қаржылық операциялар жүргізілген. Оның ішінде криптообменниктер арқылы 1,8 млрд теңгеден астам қаражаттың, сондай-ақ жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік сатып алуға 600 млн теңгеден астам қаражаттың жұмсалғаны анықталған.
Аталған активтер мемлекет кірісіне айналдыру мақсатында тәркілеуге тыйым салынған.
Сонымен қатар қылмыстық топ мүшелерінен шамамен 10 келі мефедрон тәркіленген.
Қазір топтың жекелеген мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Ал басқа сыбайластары, оның ішінде халықаралық іздеуге жарияланған күдіктілер бар.
Экстрадицияланған азамат өткен жылдың қазан айында Ресей аумағында ұсталған. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге жеткізілген ол қазір тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмыстар бойынша мүлікті тәркілеумен қатар, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, осы қылмыстық топтың тағы бір белсенді мүшесі екі ай бұрын Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланған.