Әлеумет

АҚШ Иранмен соғысты аяқтау туралы келісімге келді – Трамп

АҚШ президенті Трамп бейсенбі кешіне жоспарланған Иранға қарсы әскери соққылардың күшін жойғанын мәлімдеп, Тегеранмен бейбіт келісімге қол қою мүмкіндігі туралы тағы да айтты.

Фото: REUTERS

Трамптың айтуынша, Иран Ислам Республикасымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесі елдің жоғары басшылығына жеткізіліп, мақұлданғаннан кейін ол жоспарланған әуе шабуылдары мен бомбалауларды тоқтату туралы шешім қабылдаған.

– Иран Ислам Республикасымен жүргізілген келіссөздер елдің жоғары басшылығы тарапынан мақұлданғандықтан, мен бүгін кешке жоспарланған соққылар мен бомбалауларды тоқтаттым, – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

АҚШ президенті келісімнің соңғы тармақтары барлық мүдделі тараптармен мақұлданғанын айтты. Ол Израиль мен делдал елдер тобын атағанымен, Иранның атын нақты атаған жоқ.

Сонымен бірге Ақ үй басшысы сәуір айының ортасында басталған Иран порттарына теңіз блокадасы келісім толық аяқталғанға дейін сақталатынын мәлімдеді.

Бұл мәлімдеме бірнеше сағат бұрын Трамптың Иранға қарсы өте қуатты соққы жасалатынын және елдің негізгі мұнай инфрақұрылымын бақылауға алатынын жариялаған сөзінен кейін жасалды.

Вашингтонда журналистермен кездескен кезде Трамп АҚШ пен Иран соғысты тоқтату жөнінде келісімге келгенін, енді тек құжаттарға қол қою қалғанын айтты.

Оның сөзінше, келісімге қол қойылған соң Иран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта ашады. Құжатқа жақын күндері, мүмкін демалыс күндері Еуропада қол қойылуы ықтимал.

Трамп Иранның жоғарғы жетекшісі Можтаба Хаменеи келісім шарттарын мақұлдауы мүмкін екенін де айтты.

Оның мәліметінше, өзара түсіністік туралы меморандумда Иран ешқашан ядролық қару жасамауға және иеленбеуге міндеттеме алады.

Ал Израиль премьер-министрі  кеңсесінің хабарлауынша, Трамппен өткен телефон әңгімесінде Иран түпкілікті келісім аясында уран байытудан бас тартып, оған қажетті инфрақұрылымды жояды, зымыран өндірісін қысқартады және Таяу Шығыстағы өзіне жақын қарулы топтарды қолдауды тоқтатады деген ұстаным айтылған.

Еске салсақ, бұған дейін Трамп Иранды келіссөздерді созбалаңға салды деп айыптап, АҚШ әскері елдің оңтүстігіндегі нысандарға соққы жасаған болатын. Ол Тегеран келісімге келмесе, толық талқандалатынын ескерткен.

Бұған жауап ретінде Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін жолды толық жауып, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып шабуыл операциясының алғашқы кезеңін бастағанын жариялады.

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Таяу Шығыстағы бірқатар нысандарға, соның ішінде Кувейт пен Бахрейндегі әуе базаларына соққы жасалғанын мәлімдеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, шабуылдар Ирак пен Иорданиядағы әскери базаларға, сондай-ақ АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флотына да бағытталған.

Сайт Әкімшілігі