Әкеге өшпенділік немесе «жәбірленген әйел синдромы»
23 маусым күні Алматы облысының Кеген ауданынан ер адамның өртенген мәйіті табылды. Бұл жантүршігерлік оқиға елді елең еткізді. Ең әуелі көпшіліктің көкейінде мәйітті айдалаға апарып, кім өртеп жіберуі мүмкін деген сұрақ тұрды.
Кейін қаза болған адамның полиция қызметкері Аслан Әлсеров екені анықталды. Араға уақыт салып, тергеу барысында істің мән-жайы жария болып, күдікке марқұмның ең жақын адамдары ілікті. Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмысқа марқұмның жұбайы, кәмелетке толмаған ұлдарыжәне олардың танысының қатысы болуы мүмкін.
Үлгілі отбасының құпиясы
15 жыл отасқан, жеті бала тәрбиелеген Әлсеровтер отбасы сырт көзге тату-тәтті, үлгілі жанұядай көрінген. Көршілері ерлі-зайыптыны сыпайы, ал ұлдарын тәртіпті, спортпен шұғылданатын, үлкендерге үнемі қолғабыс ететін балалар ретінде сипаттайды. Тіпті отбасы мемлекеттік арналардың бірінде бағдарламаға қатысып, сұхбат берген. Бағдарламадан олардың айрандай ұйыған отбасына көпшілік қызыға қараған-ды. Сондықтан бұл жанұяда болған қанды оқиғаға әу баста ешкім сене қоймаған.
Тергеу мәліметінше, қылмыс Алматыдағы көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерде жасалған. Қылмысқа отбасындағы жанжал себеп болған. Бейресми деректерге сәйкес, жұмыстан кеш оралған Әлсеров үйде ұстараның жоқтығына ашуланып, жанжал шығарған. Сол сәтте ұлдарының бірі әкесінің басын қатты доғал затпен ұрғаны айтылады. Кейін күдіктілер қылмыстың ізін жасыруға тырысып, Аслан Әлсеровтің мәйітін көлікпен Алматыдан шамамен 300 шақырым жердегі таулы аймаққа апарып өртеген. Бықсып жатқан мәйітті сол жердегі бақташы байқап қалып, полицияға хабар берген. Ведомствоның мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында марқұмның жұбайы мен ұлдарының қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір қылмыстың нақты себептері мен барлық мән-жайы жан-жақты тергеліп жатыр.
Ақпарат беттерінде тараған мәліметтерде сүйенсек, Аслан Әлсеров әйеліне бірнеше рет қол көтерген. Тіпті кейбір деректерде Аслан Әлсеровтің отбасына зорлық-зомбылық көрсеткені турасында да сөз болған. Алайда бұл деректерге қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
Отбасындағы зорлық-зомбылық баланың психикасына қалай әсер етеді?
Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тек жәбірленушінің ғана емес, тұтас отбасының психологиялық ахуалына ауыр әсер етеді. Жылдар бойы жиналған қорқыныш, қысым мен қорлану сезімі кейде күтпеген жерден орны толмас қайғылы жағдайларға ұласуы мүмкін. Психологтар мұндай отбасыларда ананың күйзелісі балаларына да әсер ететінін айтады. Кей жағдайда анасы саналы түрде немесе өзі де байқамай, ішкі күйзелісін балаларына айтып, оларды әкесіне қарсы қоя бастайды. Кейде баланың күн сайын көзімен көріп, көңіліне түйгені оның көзқарасын өзгертеді. Соның салдарынан уақыт өте келе әкесіне деген құрметтің орнын қорқыныш, реніш немесе өшпенділік басуы мүмкін. Алайда қандай жағдай болмасын, бұл қылмысты ақтай алмайды.
Сонымен баланың әкесіне деген өшпенділік қайдан пайда болады? Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың психологиялық салдары қандай? Аталмыш сауалдардың мән-жайына терең үңілу үшін отбасылық психолог Дариға Назарованың пікіріне жүгіндік.
Психологтың айтуынша, қазіргі қоғамда адамдар шынайы өмірден гөрі әлеуметтік желідегі өмірге көбірек мән береді. Ол ортада көпшілік өзін бақытты әрі мінсіз отбасы ретінде көрсетуге тырысады. Ал сырттай үлгілі көрінетін жанұяда да зорлық-зомбылық деректері болуы әбден мүмкін. Сондықтан отбасының сыртқы келбетіне қарап, оның ішкі ахуалын бағалау қиын.
«Менің тәжірибемде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сырт көзге өте үлгілі, бақытты болып көрінетін ерлі-зайыптылардың арасында да зорлық-зомбылық болады. Менің көмегіме жүгініп келген жұбайлардың арасында да әйелін тепкіден көз аштырмайтын ер адамдар өздерін өте сыпайы, мәдениетті, тіпті үлгілі азамат сияқты ұстайды. Бірақ отбасындағы шынайы жағдайды тереңірек зерттегенде, мүлде басқа көрініске тап боламыз. Себебі озбыр адам шынайы болмысын көпшілікке көрсетпейді», – деді Дариға Назарова.
Неге бала анасын жақтап, әкесінен алыстайды?
Психолог балалардан отбасындағы жағдайды жасырып жүру мүмкін емес екенін де атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі балалар ақпаратқа еркін қол жеткізеді, айналасында болып жатқан өзгерістерді тез байқайды. Егер бала әкесінің анасына дөрекі сөйлегенін, қорлағанын немесе күш көрсеткенін көріп өссе, оның санасында әке бейнесі қауіпті, әділетсіз адам ретінде қалуымүмкін.
«Мұндай жағдайда бала әлсіз деп қабылдағанадамның жағына шығады. Бұл – қалыпты психологиялық реакция. Кез келген адам әлсізге жанашырлық танытады. Бала да анасының жанында болып, оны қорғауға тырысады. Психологияда мұны эмоционалдық одақтасу деп атайды. Жалпы, бала үшін ата-ананың сөзінен бұрын іс-әрекеті маңызды. Өйткені бала айтылған сөзді емес, күнделікті көріп жүрген әрекетті үлгі етеді. Оның көзқарасы анасының немесе әкесінің сөзінен емес, жылдар бойы өз көзімен көрген тәжірибесі арқылы қалыптасады. Сонымен қатар баланың анасына жақын болуы тек әкесінің зорлық-зомбылық көрсетуімен ғана байланысты емес. Көп жағдайда бала күнделікті қасында көп уақыт өткізетін адаммен эмоционалдық байланыс орнатады. Көбіне балалар анасының тәрбиесінде болатындықтан, оған жақын болып өседі. Сондықтан баланың анасын жақтауының астарында тек зорлық-зомбылық емес, эмоционалды жақындық пен қауіпсіздік сезімі де жатуы мүмкін», – дейді психолог.
Сондай-ақ психологтың айтуынша, бала есейген сайын ата-анасының қарым-қатынасына өз бағасын бере бастайды. Уақыт өте келе кімнің әділ, кімнің әділетсіз екенін өз түсінігімен саралап, бір тараптың жағында болуы мүмкін. Алайда әр отбасының өз тарихы бар, сондықтан мұндай жағдайларға біржақты баға беруге болмайды.
«Отбасын қолдау орталығында бес жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде түсінгенім, отбасындағы әр жағдайдың өз ерекшелігі бар. Сондықтан бір ғана оқиғаға қарап немесе бір тараптың сөзін тыңдап, «толықтай ері кінәлі» немесе «толықтай әйелі кінәлі» деп кесіп айту дұрыс емес. Әр отбасының өз тарихы, өз мәселесі болады, сондықтан әр жағдай жеке қаралуы тиіс. Дегенмен қандай түсінбеушілік болмасын, зорлық-зомбылықтың ешқандай түрін ақтауға болмайды. Ерлі-зайыптылар арасындағы шешілмеген жанжал ең алдымен балаға әсер етеді», – дейді Дариға Назарова.
Психологтың айтуынша, ата-ананың жанжалы ең алдымен бала психикасына ауыр салмақ түсіреді. Себебі бала үшін әкесі де, анасы да бірдей қымбат.
«Көзбен көрген – шындық, құлақпен естіген – болжам»
Дариға Назарованың айтуынша, қылмыстық оқиғаға қатысты «әйелді толық ақтауға болады» немесе «ақтауға болмайды» деп біржақты пікір білдіру орынсыз.
«Мұндай істерде әрбір жағдайдың мән-жайы жеке қаралып, шешім нақты дәлелдер мен сараптамаларға сүйене отырып қабылдануы тиіс. Біз олардың нақты қандай жағдайда өмір сүргенін білмейміз. «Көзбен көрген – шындық, құлақпен естіген – болжам» деген сөз бар. Сондықтан бұл жағдайда «мынау кінәлі», «мынау кінәсіз» деп кесіп айтуға болмайды», – деді психолог.
Егер әйел ұзақ уақыт бойы зорлық-зомбылық көрген болса, оның психологиялық жағдайында өзгерістер болады.
«Созылмалы психологиялық жарақаттың салдарынан адам тұрақты үреймен өмір сүріп, кез келген сәтте өз өміріне қауіп төніп тұр деп қабылдауы ықтимал. Кейбір жағдайда ол аффект күйіне түсіп, өз әрекетін толық бақылауда ұстай алмай қалады. Психологияда «жәбірленген әйел синдромы» деген ұғым бар. Бұл – ресми диагноз емес, бірақ ұзақ уақыт зорлық-зомбылық көрген адамдардың психологиялық салдарын сипаттайтын ғылыми ұғымдардың бірі. Дәл осы оқиғаға қатысты біржақты пікір айту дұрыс емес. Әр іс жеке қаралады. Оның құқықтық бағасын барлық дәлелдерге, сараптамалардың қорытындыларына және іс-материалдарына сүйене отырып сот береді», – дейді маман.
Қазақта «Ауруын жасырған – өледі» деген сөз бар. Өкінішке қарай, көп жағдайда жәбірленуші ұзақ уақыт үнсіз жүреді, ақыры жылдар бойы іште шемен болып қатқан кек атылып шығып, арты қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Сондықтан отбасындағы жанжал мен зорлық-зомбылықты жасырмай, дер кезінде алдын алып, арнайы мамандардың көмегіне жүгінген жөн.
Маржан СӘБЕТ