Әлеумет

Трамп: Иранның байытылған уран қоры АҚШ-та немесе сол жерде жойылады

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы байытылған уран қоры не АҚШ-қа жеткізіліп жойылатынын, не МАГАТЭ бақылауымен сол жерде жойылатынын мәлімдеді.

Фото: АР

Трамп бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

Оның айтуынша, Тегерандағы байытылған уран қоры «дереу АҚШ-қа жеткізіліп, сол жерде жойылады немесе Иранмен келісім аясында қазіргі тұрған жерінде не басқа қолайлы орында МАГАТЭ бақылауымен жойылады».

Ақ үй басшысы уранды АҚШ-қа тасымай-ақ, Иран аумағында жою нұсқасын тиімдірек деп атады. Сонымен бірге Трамп АҚШ-тың Иран ядролық инфрақұрылымына жасаған шабуылдарын еске алып, байытылған уранды «ядролық шаң» деп сипаттаған.

Вашингтон Иранның ядролық бағдарламасын АҚШ пен Израильдің 28 ақпаннан бері жүргізіп отырған әскери операцияларының басты себептерінің бірі ретінде көрсетіп отыр.

АҚШ мәліметінше, Иранда қазір 60 пайызға дейін байытылған 440 келіден астам уран бар. Бұл азаматтық атом энергетикасына қажет деңгейден әлдеқайда жоғары.

Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл уран қысқа уақыт ішінде 90 пайызға дейін байытылып, ядролық қару жасауға жарамды материалға айналуы мүмкін.

Ал Иран билігі ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатта екенін бірнеше рет мәлімдеп келеді. Сонымен қатар Тегеран жаңа шабуылдар болса, уранды одан әрі байытатынын ескерткен.

Әзірге Иран тарапы АҚШ-қа немесе басқа елге байытылған уран қорын беру туралы қандай да бір келісімді ресми түрде растаған жоқ.

Сайт Әкімшілігі