Қоғам

Елімізде балалар мен жастар көп жиналатын орындарды патрульдеу күшейтіледі 

Мектептегі демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын ерекше күшейту қажет.

Фото: Полиция

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жастар көп жиналатын жерлерді патрульдеу жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс екенін атап өтті.

«Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері әкімдіктермен бірге балалар мен жастар көп жиналатын орындарда патрульдеуді ұйымдастырып, мектеп бітіру іс-шаралары кезеңінде, балалар орталықтары мен сауықтыру ұйымдарына полиция қызметкерлерін бекітіп қоюы қажет. Балалар лагерьлерінің жетекшілерімен, нұсқаушылармен және тәрбиешілермен қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, демалушыларды эвакуациялау және құтқару бойынша жаттығулар өткізіңіздер», – деп атап өтті Премьер-министр.

Олжас Бектенов демалыс кезінде жастарды заңсыз әрекетке тарту қаупі арта түсетінін атап өтті.

«Каникул кезінде жастарды заңсыз әрекетке тарту қаупі арта түседі. Кәмелетке толмағандарды қылмыс тұзағына тартатындарға бұлтартпас жаза қолдануды қамтамасыз ету қажет. Қоғам мен әлеуметтік желілердегі кез келген дабылға дереу жауап беру керек», – деп атап өтті Премьер-министр.

Сайт Әкімшілігі