Қоғам

Нұрлан Смағұлов Bloomberg-тің миллиардерлер тізіміне енді

Бұған дейін Forbes Kazakhstan рейтингінде ол 8-орын алған еді. Сонымен қатар биыл алғаш рет әлемдік миллиардерлер тізіміне қосылғаны хабарланған болатын.

Фото: almaty.art

Америкалық Bloomberg агенттігі қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Смағұловты Bloomberg Billionaires Index тізіміне қосты.

Басылым Astana Motors негізін қалаушының байлығын шамамен 1,5 миллиард доллар деп бағалаған. Bloomberg жариялаған материалда Смағұлов посткеңестік Қазақстандағы танымал кәсіпкерлердің бірі әрі КСРО ыдырағаннан кейінгі ел экономикасының трансформациясының символы ретінде сипатталған.

Қазақстан экономикасы ірі мұнай жобалары аясында өсе бастаған тұста Смағұлов коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығына кіріп, 2006 жылы Алматыдағы алғашқы Mega сауда-ойын-сауық орталығын ашқан. Қазір Astana Motors Қазақстандағы ең ірі автомобиль нарығы ойыншыларының біріне айналды. Материалда Almaty Museum of Arts туралы да айтылған.

Смағұловтың сөзінше, өнер туындыларын сатып алуға шамамен 70 млн доллар, ал музей құрылысына тағы 50 млн доллар жұмсалған.

Еске салайық, Bloomberg L.P. – 1981 жылы құрылған америкалық жекеменшік компания. Ол қаржылық ақпарат, аналитика және іскерлік жаңалықтар ұсынатын әлемдегі ірі платформалардың бірі саналады.

Сайт Әкімшілігі