Әлеумет

Алматы соты журналист Борейкоға қатысты шешімді өзгертпеді

Алматы қалалық соты құрылыс компаниясы мен журналист Вадим Борейко арасындағы дауға қатысты апелляциялық шағымды қарап, бірінші инстанция сотының шешімін күшінде қалдырды.

Вадим Барейко, Фото: Zhas Alash

Іс Etude-Ybyrai құрылыс компаниясының журналистке қарсы талап арызынан басталған. Компания Борейконың Алматыдағы 12-шағынауданда жүргізіліп жатқан құрылысқа қатысты жариялаған жеті материалына — бес бейнерепортажы мен Instagram желісіндегі екі жазбасына наразылық білдірген.

Талапкер жарияланған ақпаратты шындыққа жанаспайды деп есептеп, аталған материалдарды өшіруді және журналистен 71,75 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіруді сұраған.

Бұған дейін Алматының Бостандық аудандық соты негізгі талап қаралмай тұрып-ақ, Вадим Борейконың барлық банк шоттарын бұғаттап, оған іс бойынша ақпарат таратуға уақытша тыйым салған болатын.

Апелляциялық сот отырысында журналистің адвокаттары бұл шектеулердің заңға қайшы екенін мәлімдеді. Олардың пікірінше, қабылданған шаралар Қазақстан Конституциясының сөз бостандығына қатысты 20-бабына және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт нормаларына қайшы келеді.

Соған қарамастан, апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Сайт Әкімшілігі