Саясат

«Ешкім мырза Путинге қарсы» фильмі CIVIS сыйлығын жеңіп алды

Режиссерлер Дэвид Боренштейн мен Павел Таланкин түсірген «Ешкім мырза Путинге қарсы» деректі фильмі CIVIS Top Award сыйлығына ие болды.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы DW хабарлады.

Сыйлық Германияның Берлин қаласында өткен re:publica конференциясы аясында табысталды. Видео номинациясы бойынша жеңіске жеткен фильмге 15 мың еуро көлемінде жүлде берілген.

Қазылар алқасы картинаны «авторитарлы Ресейдегі күнделікті өмір туралы ерекше деректі фильм» деп атады.

«Фильм батылдықпен, юмормен және шебер баяндау тәсілі арқылы мемлекеттік идеологияның күнделікті өмірге, әсіресе балалар әлеміне қалай еніп жатқанын көрсетеді», — делінген қазылар шешімінде.

Фильм Information санатында да марапатқа ие болған.

Наурыз айында Ресейдің Челябі қаласының орталық аудандық соты «Ешкім мырза Путинге қарсы» фильмін Ресей аумағында таратуға тыйым салған еді. Сот шешіміне «экстремизм мен терроризмді насихаттады» деген айып негіз болған.

Картинаны Челябі облысындағы Қарабаш қаласында мектепте педагог-ұйымдастырушы болып жұмыс істеген Павел Таланкин түсірген. Ол мектептегі ресми шараларды білім басқармасына есеп беру үшін видеоға жазып жүрген. Кейін сол материалдар фильмнің негізіне айналған. Жобаға режиссер Дэвид Боренштейн де қатысқан.

Фильм Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін мектеп жүйесінің қалай өзгергенін баяндайды.

Биыл наурызда бұл картина Academy Awards сыйлығының «Үздік деректі фильм» аталымын жеңіп алған болатын.

Сайт Әкімшілігі