Жаңаөзенде мұнайшылар белсендіні босатуды талап етті
«Өзенмұнайгаз» АҚ-ның бұрғылау жұмыстары басқармасының жұмысшылары азаматтық белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің ұсталуына наразылық білдіріп, жұмысты бір сағатқа тоқтатты.
Бұл туралы NewTimes.kz агенттігі хабарлады.
Басылым мәліметінше, мұнайшылар егер белсенді 24 сағат ішінде босатылмаса, өндірісті толық тоқтатуға дайын екендерін мәлімдеген.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жұмысшылардың бірі Мұратбай Жұмағалиевтің Астанаға емделуге бара жатқан кезде ұсталғанын айтады. Сондай-ақ олар белсендіге қатысты қозғалған істің күмәнді екенін жеткізген.
Бұған дейін Мұратбай Жұмағалиевтің ұсталғаны белгілі болған еді. Желіде жарияланған кадрларда ол ұсталу сәтінде бұл жағдайды «арандату» деп атап, өзіне тыйым салынған заттардың қолдан салынғанын айтып айқайлаған.
Қорғаушы тараптың мәліметінше, Жұмағалиев тағылған айыппен келіспейді. Адвокаттың айтуынша, сараптама қорытындысында оның қалтасынан 108 грамм опиат табылғаны көрсетілген.
Қазіргі уақытта белсенді Ақтаудағы уақытша ұстау изоляторында отыр. Оған қатысты бұлтартпау шарасы жақын күндері анықталмақ.
Мұратбай Жұмағалиев Жаңаөзендегі азаматтық белсенді ретінде танымал. Ол 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысушылардың бірі болған, кейін сол оқиғаға байланысты жаңа тергеу жүргізуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, билік әрекеттерін бірнеше рет сынға алған. 2023 жылы Мәжіліс сайлауына өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде қатысқан.
Бұған дейін оның төңірегінде тағы бір дау туындаған болатын. Әлеуметтік желілерде мүмкіндігі шектеулі азаматты ұрып жатқандай көрінетін видео тараған. Алайда Жұмағалиев бұл жазбаның бес жыл бұрын түсірілгенін, монтаждалғанын және шынайы жағдайды көрсетпейтінін мәлімдеген. Видеодағы азамат кейіннен белсендіге ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан.
Осы оқиғадан кейін Мұратбай Жұмағалиев пен видеода көрсетілген Ерік Жұмабаев полицияға жалған ақпарат тарату және тұрғын үйге заңсыз камера орнату дерегі бойынша арыз түсірген.
Полиция әзірге тек аса ірі көлемдегі есірткі заты тәркіленгенін ресми түрде растады. Істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.