Оқиғалар

Kyzdar.net ісі бойынша іздеуде болған күдікті Грузияда қолға түсті

Грузияда Kyzdar.net сайтына қатысты қылмыстық іс бойынша халықаралық іздеуде жүрген шетелдік азамат ұсталды. Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Фото: pixabay.com

Ведомствоның хабарлауынша, шілде айының басында Интерполдың Ұлттық орталық бюросының қолдауымен аталған сайттың менеджері болған және бұған дейін анықталған күдіктілермен байланысы бар шетелдік азамат қолға түскен. Қазір оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Тергеу барысында ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп Kyzdar.net интернет-ресурсының қызметін тоқтатуға бағытталған шаралар қабылдаған. Соның нәтижесінде Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, сайтқа Қазақстан аумағында қолжетімділік шектелген.

Сонымен қатар Бас прокуратурамен бірге халықаралық құқықтық көмек тетіктері іске асырылып жатыр. Оның аясында шетелдік құзырлы органдардан электрондық дәлелдемелер алу, серверлік инфрақұрылымға қатысты процессуалдық іс-шараларды жүргізу бойынша жұмыстар жалғасуда.

Қазіргі уақытта Kyzdar.net сайтының ұйымдастырушыларына қатысты Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша – жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Істі ІІМ мен Қаржылық мониторинг агенттігінің «Криптон» арнайы бөлімшесі қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы прокуратураның қадағалауымен тергеп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, маусым айының басында ІІМ мен Қаржылық мониторинг агенттігі негізгі күдіктілерді ұстаған. Қазір тергеу олардың қызметіне қатысы бар жеке және заңды тұлғалардың әрекетін, сондай-ақ интернет-ресурстың құрылуы мен жұмыс істеу мән-жайларын тексеруде.

Сонымен қатар күдіктілердің қаржы ағындары, мүліктік активтері мен қаржы-шаруашылық қызметіне жан-жақты талдау жүргізіліп жатыр. Тергеу үшін маңызды болуы мүмкін мүлікті анықтау және сақтап қалу мақсатында заңда көзделген барлық шаралар қабылданған.

Еске салсақ, маусым айында Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Kyzdar.net сайтының алты менеджеріне қатысты айыптау үкімін шығарған болатын. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құруға және оған қатысуға, сондай-ақ жеңгетайлық пен жезөкшелік қызметін ұйымдастыруға кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен айыпталушылардың бірі 10 жылға бас бостандығынан айырылса, қалған бес адам сегіз жылдан бас бостандығынан айырылып, олардың мүлкі тәркіленді.

ІІМ мәліметінше, сот үкімінің орындалуын және ықтимал мүлікті тәркілеуді қамтамасыз ету үшін күдіктілердің мүлкіне, ақшалай қаражатына және өзге де активтеріне тыйым салынған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Сайт Әкімшілігі