Оқиғалар

Алматы тауларында жоғалып кеткен төрт жасөспірім аман-есен табылды

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Проходное (Алмарасан) шатқалында байланысқа шықпай қалған төрт жасөспірім құтқарушылардың көмегімен аман-есен табылды.

Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жасөспірімдердің жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен бойда ҚР ТЖМ-нің «Барыс» құтқару қызметінің мамандары түнгі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстарына кіріскен.

Іздеу аумағын анықтауға жасөспірімдердің бірінің бұған дейін жіберген бейнежазбасы көмектескен. Байланыстың болмауына және олардың нақты орналасқан жерін анықтау мүмкін еместігіне қарамастан, құтқарушылар таулы аймақты жедел тексеріп шыққан.

Нәтижесінде төрт жасөспірім Терра алаңының маңында, тау лашығынан жоғары орналасқан аумақтан табылды. Олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.

Құтқарушылар жасөспірімдерді қауіпсіз түрде тау соқпағымен төмен түсіріп, ата-аналарына тапсырды.

Сайт Әкімшілігі