Атырауда ойын-сауық саябағында өрт шықты
Атырау қаласындағы Авангард шағынауданында орналасқан ойын-сауық паркінің аумағында өрт болды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Тілендиев көшесіндегі саябақта ағаштан жасалған қорқыныш бөлмесі мен карусель отқа оранған.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде аттракциондар толықтай өртеніп жатқан. Мамандардың айтуынша, өрттің тез таралуына нысандардағы жанғыш материалдардың көп болуы әсер еткен.
Құтқарушылар өрттің жақын маңдағы ғимараттарға таралуына жол бермей, жалынды қысқа мерзімде толық сөндірді.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.