Қоғам

СҚО-да жол құрылысын қадағалаған бас инженер пара алды деген күдікке ілінді

Солтүстік Қазақстан облысында жол құрылысына техникалық қадағалау жүргізген мердігер ұйымның бас инженері пара алды деген күдікпен ұсталды.

Фото: из открытых источников

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, 2026 жылғы 8 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлері күдіктіні орындалған жұмыстардың аралық актісіне қол қойғаны үшін оның сомасының 1 пайызы көлемінде пара алу кезінде қолға түсірген.

Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» жүргізген қызметтік тексеру мен аудит қорытындылары негізінде Көкшетау көлік прокуратурасы «КАЖсервис» ЖШС Ақмола облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 24 миллион теңгеден асады.

Ұлттық компанияның хабарлауынша, бұл заң бұзушылықтар ішкі бақылау, аудит және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс аясында анықталған. Қазіргі уақытта компания құқық қорғау және қадағалау органдарымен бірлесіп жұмысты жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, 2025 жылдың шілдесінен бастап заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес техникалық және авторлық қадағалау мамандары мемлекеттік функцияларды орындайтын тұлғаларға теңестіріліп, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін мемлекеттік қызметшілермен бірдей жауапкершілікке тартылады.

Сайт Әкімшілігі