Кейіпкер

РЕЗІҢКЕ ЕТІКТІҢ ИІСІ

Шыжыған ыстықта резіңке етік кисеңіз болды, шешкенде күлімсі иісі қолқаны қабады. Ол – етіктің иісі ме, аяқтың иісі ме, ол жағы маңызды емес.

Фото: Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

Резіңкеден тігіссіз «құйылған» аяқкиімнің басты қасиеті сол, ішке су түгілі ауа да өткізбейді. Сондықтан қабаттап ораған шұлғау да «тұншыққан» аяққа көмектесе алмайды. Шешкенде айналаны қоңырсыған иістің жайлап кететіні содан. Ендеше, «жанын қинап, оны неге киеді?» дейтін шығарсыз. Сұрақ дұрыс, жауап оңай. Адамдар резіңке етікті мәжбүрліктен киеді. Мысалы, егіс алқабына су әкелетін сушы киеді, келген суды алқаптың ой-шұқырына «жетектейтін» диқан киеді. Ал бұл жолы оны Ербол Қарашөкеев киді. Бірақ қандай мәжбүрліктен? Міне, бүгін осы сұрақтың жауабын іздейміз. 

Фото: Жас Алаш Коллаж

Кім не десе, о десін, соңғы кездері Ербол Қарашөкеев қатты жұмыс істеп жатқандай көрінеді. Бірақ Жамбыл облысы әкімінің тірлігін «тексеру» үшін Таразға «салпақтаудың» қажеті жоқ. Әкімнің инстаграмм парақшасын ашып қалсаңыз, болды – қауырт жұмыс пен қуатты тірліктің «үстінен түсесіз». Шаруақор әкім бейнесіндегі кісі шапқылап, біресе – анда, біресе – мұнда жүреді. Қай жерде қыбырлаған тірлік бар, сап етіп, сонда барады. Сосын жуырда ғана президентпен телефон арқылы сөйлескенін, ел басшысы қандай тапсырма бергенін айтады. Былай қарасаңыз, оның өзгеге не қажеті бар, мысалы? Тапсырма берсе, президент берді. Тапсырма алса, әкім алды. Оны жұрт естігенде, жауапкершіліктің жүгі жеңілдеп кетпейді ғой... 

Тағы бір ұққанымыз, Шырақбайұлының «шапшаң қимылында» гәп бар секілді. Гәптің сырын шамамыз жеткенше шешуге тырыссақ, «менің осы тірлігімді ел көрсе екен» дейтін дәмесі аңғарылатындай. Мәселен, бұл кісі бірде көшеге асфальт төсеп жатқан жұмысшыларға барады. Барады да: «Күн сайын осылай жұмыс істейсіңдер ме, жеті жарымда?», – деп сұрайды сондағы жауапты бір адамнан. Оның жауабын естіген соң: «Дұрыс, ертерек істемесеңдер, көлік кептелісі орын алады», – дейді. Ал Сіз осыдан не түсіндіңіз? Біздің түсінгеніміз, жұмысшылары ғана емес, Жамбылдың әкімі де ерте тұрады. Ербол Шырақбайұлы қанша жерден шапшаң болса да, жұмыс басына жеті жарымда жетуі үшін кемінде алты жарымда төсегінен тұруы керек. Беті-қолын жуып, бәйбішесінің қызыл-күрең шайынан екі-үш кесе «төңкергенше», жарты сағат өте шығады. Барам-жетем дегенше де – біраз уақыт. Қорытынды қандай? Қорытынды сол: Қарашөкеев – аз ұйықтайтын әкім.

Енді резіңке етіктің жайына келейік. Өткенде толассыз жауған жаңбырдың соңы тасқынға ұласып, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу мен Көгершін ауылдарына қауіп төндірді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, екі ауылды қоса есептегенде, 13 үйдің ауласына су кірген. «Ауылды су басса, әкім етік киюі керек» дегенді біреуден естіді ме екен, әлде бір жерден оқыды ма екен, қонышы тізесіне жететін резіңке етігін киген әкім су басқан аймаққа «жетіп» барады. Дәл осы сәтті таспалап, әлеуметтік желіге салған әкімдіктің баспасөз қызметі-ау деп топшылаймыз. Бірақ сол бейнероликті көрсеңіз, ішек-сілеңіз қатады. 

Фото: ашық дереккөз

«Аға, ассалаумағалайкүм! Мал жан-аман ба?», – дейді әкім, ауласына су кірген үйдің қожасына. Аяқта – ұзын қонышты резіңке етік. Ал қарсы алдынан шыққан «ағасының» аяғында – тәпішке. Ауыл тұрғыны шұлық та кимей, аяғына жайдақ тәпішке іле салыпты. Неге? Неге деріңіз бар ма, қызыл су әлдеқашан өтіп кеткен ғой. Ойлы-шұқырлы жердегі көлшіктерді айтпасаңыз, асып-тасып жатқан тасқын жоқ. Күн шайдай ашық. Әншейінде шапшаң әкім бұл жолы шабан тартып қалған ба, әлде шұлғауын орап болғанша, тасқын су зырылдап өте шыққан ба, әйтеуір айналадан қауіптің өзі түгілі нышаны да көрінбейді. Әңгіме барысында әкім «Үйге су кірмеді ме?», «Жертөлеге су түскен жоқ па?» деп бірнеше қайталап сұрайды. Құдды, «су бар» деген сөзді естісе, жертөлеге қарғып түсіп, қашқын суды «қақ бастан» бір тебетін сияқты. 

Сосын жергілікті атқамінерлердің бірі сол өңірдің картасын жайып жіберіп, судың қайдан және қалай келгенін түсіндіреді. Әкім әдеттегідей «әйтіңдер-бүйтіңдер» деп тапсырма береді. Енді осы оқиға мен оның жай-жапсарын «тәпсірлеген» бейнероликтен елдің есінде не қалады? Әрине, әкімнің етік киіп, «тасқын қайтарғаны» қалады. Ал резіңке етікті қолқ еткізіп шешкенде, айналаға қандай «аромат» шығаратыны білдей бір облысты басқарып тұрған азаматтың өзіне мәлім. 

Бір қызығы, енді осы жерде сұрақ туады. Жамбыл облысының әкімі жанын қоярға жер таппаған жандай неге «безектеп» жүр? Бұл сауал негізі дұрыс емес. Дұрысы – неге белсенбеуі керек? Өткенде президент төрт облыстың әкімімен телефон арқылы тілдесіп, ескерту жасағанын естіген шығарсыз. Сол ескертуді кейіпкеріміз «жүрегімен» қабылдаған секілді. Бір есептен, өйтетін де жөні бар. Себебі «Қарашөкеев кетеді екен» деген сыпсың сөз Әулиеата өңірін аралап жүргеніне біраз болды. Бірақ әкімнің кетпек түгілі, «жиналатын» түрі көрінбеген. Ал бүгінгісі ше? Бүгінгісі басқа. Байқасаңыз, өзі үшін жайсыздау жағдайдың жақындап келе жатқанын сезген адамға ұқсай ма, қалай?

Естеріңізде болса, бұл кісі облысқа әкім боп келіп, креслосына «жамбас үйретіп» алған соң, әдемі бір жоспары бар екенін айтқан. Жоспардың құндылығы жұрттың құлағын көтерді. Себебі өңірді дамыту үшін аймақтан көшіп жатқан елдің легін тоқтату шын мәнінде керек-ақ еді. Ал Қарашөкеев мұның «рецептін» білетінін жариялаған. Рецепт өте қарапайым – «сыртқа ағылған көшті тоқтату үшін халықты тұрақты әрі жоғары жалақылы жұмыс орнымен қамтамасыз ету керек». Жоспар күшті, бірақ тәп-тәуір «рецептіге» резіңке етіктің қоңырсық иісі секілді әлдене «қосылып» кетті ме, әлде Қарашөкеев қолынан келмейтін дүниені уәде етті ме, әйтеуір көш тоқтамады. Жарлысу мен Көгершіндегі тасқынды «етігімен тоқтатқан» әкім үдере көшкен жұртқа әлі «ие» бола алмай жүр. 

Мұны бір деңіз, екінші мәселе, Жамбыл облысы – Республикалық бюджетке аузын ашып отырған аймақтардың сапына кіреді. Жай ғана кіріп қоймай, қанша құйсаң да, көмейі толмайтын «мешкей» облыстардың алғашқы үштігінде тұр. Енді осы жақсы ма? Әрине, жақсы емес. Өкініштісі, осыны Ербол Шырақбайұлы енді ғана түсініп, ары-бері шапқылап жүрген сияқты. 

Шапқылағаннан бірдеңе өнетін болса, оны кейіпкеріміздің ертеңінен көреміз. Өнбейтін болса ше? Онда белгілі ғой, ел-жұрттың көз алдында – етік киген әкім, әкімнің танауында – резіңкенің шуаш аралас иісі ғана қалады... 

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт Әкімшілігі