Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Пакпен бірге мейрамханада болған куәгерлерден жауап алынды
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.
8 маусымға белгіленген сот отырысында куәгерлерден жауап алынды. Сотта қайғылы оқиғаның алдында Александр Пакпен бірге мейрамханада болған куәгер Мархиев жауап берді.
Куәгердің айтуынша, олар Абылайхан-Мақатаев көшелерінің қиылысындағы мейрамханада отырған. Сол күні олармен бірге 6-7 адам болған. Куәгер олардың бәрін танымайтынын жеткізді.
Судья Еркін Майшынов сол күні олардың ішімдік ішкен-ішпегенін анықтады. Куәгер өзінің тек сусын ішкенін, алкоголь қолданбағанын атап өтті. Ал Пактың ішімдік ішкен-ішпегенін байқамағанын жеткізді.
Сот отырысында сол күнгі мейрамханадағы отырыстың есепшоты – 480 мың теңге болғаны аталды. Есепшотта алкоголь өнімдері де көрсптілген. Алайда куәгердің айтуынша, дастархан басында спирттік ішімдік мүлде болмаған.
Ол өз жауабында кеш барысында алкоголь көрмегенін айтып, есепшотта көрсетілген өнімдерге қатысты ешқандай түсінік бере алмайтынын жеткізді.
«Біз 21 наурыз күні кешкі сағат 19.00-21.00 аралығында кездестік. Нақты уақытын қазір есіме түсіре алмаймын. Қаланың орталығында, Абылай хан мен Құрманғазы көшелерінің қиылысында жолықтық. Кейін Николай есімді досымның көлігімен «У Афанасича» кафесіне бардық», – деп куәгер сол күннің оқиғасын баяндап берді.
Куәгер ол жерде шамамен түнгі он екіге дейін отырған. Өйткені ертесі жұмысқа ерте баруы керек болған. Сол күнгі қайғылы жол апатын ол тек жаңалықтардан естіген. Естіген бойда Александр Пакқа ауруханаға барған.
Сот отырысында келесі куәгергер оқиға болған түні танысының шақыруымен мейрамханаға түнгі сағат 01:30 шамасында келгенін айтты. Оның сөзінше, ол мекемеде бірнеше сағат болып, кейін басқа адамдармен бірге көлікпен кеткен.
Куәгер үстелде шамамен алты адам отырғанын, алайда алкогольдік ішімдіктерді көрмегенін жеткізді. Сондай-ақ өзі спирттік ішімдік ішпейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, мейрамханадан шыққаннан кейін отырған көлігі жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін тоқтатылып, жүргізуші кейін алты айға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Куәгер жол-көлік оқиғасының қалай болғанын көрмегенін мәлімдеді. Ол тек жолда апатқа ұшыраған Mercedes көлігін байқап, ал Александр Пактың көлігінің жол апатына түскенін кейінірек білгенін айтты.
Сот отырысында жауап берген куәгер әйел мейрамханада отырғандардың өзіне ұнамағанын айтып, сол себепті түн ортасына дейін кетіп қалғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, үстел басында отырған адамдардың көпшілігі өзіне бейтаныс болған. Сондай-ақ олардың әңгімелері де көңілінен шықпаған.
«Маған жайсыз болды. Олар басқа адамдар, қыздар туралы жағымсыз пікірлер айтты. Сондықтан кетіп қалдым», – деді куәгер.
Әйелдің сөзінше, ол шамамен сағат 23:30 мен 00:00 аралығында мейрамханадан шығып кеткен. Кейін ол жерде болғанын білмейтінін айтты. Сонымен қатар ол мейрамханаға құрбысының шақыруымен келген. Үстел басындағылармен сол жерде танысқан.
Сот барысында куәгер алкогольдік ішімдіктерге қатысты да жауап берді. Ол шарап ішпегенін, тек екі бокал Aperol коктейліне тапсырыс бергенін жеткізді. Ал қасында болған құрбысының шарап ішкенін көргенімен, нақты қанша мөлшерде ішкенін білмейтінін айтты. Куәгер өз көзімен ешқандай құқық бұзушылықты немесе кейінгі оқиғаларды көрмегенін мәлімдеді. Ал жол апатына қатысты болған жағдайды ертесі құрбысынан естіген.
Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 21 наурызға қараған түні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты.Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.
Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – «Автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.
Маржан Сәбет