Әлеумет

Зеленский: Ресей Украинаға «Орешникпен» соққы жасауға дайындалып жатыр

Владимир Зеленский Ресей әскері Украина аумағына, әсіресе Киевке, «Орешник» баллистикалық зымыранын қолдана отырып жаппай соққы жасауға дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Фото: mil.ru

Украина президенті бұл туралы 23 мамыр күні Telegram-арнасында жазған.

Зеленскийдің айтуынша, украин барлау қызметтері мұндай шабуылға дайындық туралы ақпаратты АҚШ пен Еуропадағы серіктестерінен алған.

«Украина аумағына, соның ішінде Киевке қарсы әртүрлі қару түрлерін қолдана отырып жасалатын аралас шабуылға дайындық белгілері байқалады. Бұл соққыда орта қашықтықтағы қару қолданылуы мүмкін», – деді ол.

Сонымен қатар Украина басшысы тұрғындарды әуе дабылдарына мұқият қарауға шақырды.

«Ресейдің ессіздігі шексіз. Сондықтан бүгін кештен бастап әуе дабылы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, паналау орындарын пайдаланыңыздар», – деді Владимир Зеленский.

 Владимир Зеленский Ресейдің мұндай қару қолдануы тек Украинаға ғана емес, бүкіл әлем қауіпсіздігіне қатер екенін айтады.

Оның пікірінше, егер Мәскеуге соғысты осындай деңгейде жалғастыруға мүмкіндік берілсе, бұл басқа агрессиялық режимдерге де үлгі болуы мүмкін.

«Әлемнің реакциясы оқиға болғаннан кейін емес, алдын ала болуы керек. Мәскеуге қысымды күшейту қажет», – деді Украина президенті.

Сондай-ақ Киев әуе қорғанысын күшейтіп жатқанын және Ресейдің әрбір соққысына жауап беретінін мәлімдеді.

«Орешник» бұған дейін де қолданылған

Ресей Қорғаныс министрлігі 2026 жылдың қаңтарында Украинаға қарсы «Орешник» атты орта қашықтықтағы зымыран қолданылғанын хабарлаған еді.

Ал бұл қарудың алғашқы белгілі қолданылуы 2024 жылдың қарашасында тіркелген. Сол кезде Ресей әскері Днепр қаласындағы қорғаныс кәсіпорнына соққы жасаған болатын.

Сайт Әкімшілігі