Әлеумет

Иран АҚШ-қа 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынды

Иран билігі АҚШ-қа Таяу Шығыстағы соғысты аяқтауға арналған 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспар жолдады.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Қазір Тегеран Вашингтонның жауабын күтіп отыр, деп хабарлайды DW ирандық Fars және Tasnim агенттіктеріне сілтеме жасап.

Бұл құжат АҚШ-тың бұған дейін ұсынған 9 тармақтан тұратын жоспарына жауап ретінде әзірленген. Америкалық ұсыныста екі айлық бітім қарастырылса, Иран барлық мәселені бір ай ішінде шешуді және басты назарды бітімді ұзартуға емес, соғысты толық аяқтауға аударуды талап еткен.

Иранның негізгі талаптары

Иран ұсынған жоспар бойынша Тегеран: – АҚШ-тан шабуыл жасамау кепілдігін беруді;

– америкалық әскерді шекара маңындағы аймақтардан толық шығаруды;

– теңіз блокадасын тоқтатуды;

– бұғатталған иран активтерін қайтаруды талап етеді.

Сонымен қатар, Иран келтірілген шығын үшін өтемақы төлеуді, санкцияларды жоюды, аймақтағы барлық әскери әрекеттерді тоқтатуды (соның ішінде Израильдің Ливанға соққыларын), сондай-ақ Ормуз бұғазының жұмыс істеуіне қатысты жаңа механизм енгізуді ұсынып отыр.

Трамп күмән білдірді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жаңа ұсынысын алғанын растады, бірақ оның қабылданатынына күмәнмен қарайтынын айтты.

«Бұл ұсыныс бізге қолайлы болады деп елестету қиын. Өйткені олар соңғы 47 жылда адамзат пен әлемге жасаған әрекеттері үшін әлі жеткілікті баға төлеген жоқ», – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Қақтығыс қалай өрбіді?

Иранға қарсы соғыс 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің соққыларынан басталған. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге, Парсы шығанағы елдеріне және АҚШ нысандарына шабуыл жасаған.

Сәуірдің басында уақытша бітім күшіне енгенімен, келіссөздер нәтиже бермеді. 11 сәуірде Пәкістанда өткен жалғыз келіссөз раунды да сәтсіз аяқталған.

Қазір Ормуз бұғазы іс жүзінде Иран тарапынан бақылауда, ал АҚШ өз кезегінде Иран порттарына теңіз блокадасын жалғастырып отыр.

Соғыс аяқталды ма?

1 мамырда Дональд Трамп Конгреске жолдаған хатында соғыс аяқталғанын мәлімдеген. Алайда ол Иран тарапынан қауіп әлі де сақталып отырғанын атап өтті.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ Иран экономикасына қысым жасау үшін ұзақ мерзімді теңіз блокадасына дайындалып жатыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: АҚШ Иран