Әлеумет

Жанабыловтардың тәркіленген көліктері сатылымға шығарылды

Сот үкімімен тәркіленген блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға тиесілі автокөліктер сатылымға қойылды.

Фото: ашық дереккөз

Тиісті хабарландырулар мемлекеттік мүлік тізілімінің E-Qazyna порталында жарияланды.

Порталда жалпы саны сегіз хабарландыру орналастырылған. Барлығы да 2025 жылы шығарылған Hyundai Elantra маркалы жеңіл көліктер. Дәл осы көліктер сот шешімімен тәркіленген болатын.

Хабарландыруларға қарағанда, сегіз автокөліктің барлығы сотталған Эльмира Төлегенова басқаратын Zhana Business ЖШС-нің атына тіркелген.

Көліктер қазіргі таңда Астана қаласындағы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансында тұр.

Бастапқы сату бағасы көрсетілмеген. Алайда әр автокөліктің бағалау құны 8 395 000 теңге деп белгіленген.

Саудаға құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президент қызметін, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарының жұмысын қамтамасыз ететін органдар ғана қатыса алады. Сондықтан жеке тұлғалардың бұл саудаға қатысуына мүмкіндік жоқ.

Әр көлікке екі кілт пен техникалық төлқұжат қоса берілетіні көрсетілген. Сонымен қатар жүксалғышта қосалқы дөңгелек пен штаттық құрал-саймандар жиынтығы жоқ екені айтылған. Техникалық жағдайын тексеру мүмкін еместігі және көліктерге тыйым салынғаны да хабарландыруларда көрсетілген.

Жанабыловтарға қатысты сот үкімі

Сәуір айының соңында Астанадағы сот Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты үкім шығарған болатын.

Сот оларды заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша кінәлі деп таныды.

Үкімге сәйкес:

Эльмира Төлегеноваға мүлкін тәркілей отырып, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда жазаны орындау екі жылға кейінге шегерілді;

Ерболат Жанабыловқа мүлкін тәркілей отырып, 2 жыл шартты жаза берілді.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы бастапқыда қатаңырақ жаза сұрағанымен, кейін жеңілдетілген нұсқамен келіскен.

Сондай-ақ сотқа дейін айыпталушылар мемлекетке келтірілген 247,7 миллион теңге көлеміндегі мүліктік залалды толық өтегені хабарланған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Жанабыловтар