АҚШ Иранмен келіссөз жүргізудің басты шарты ретінде Ормуз бұғазын ашуды талап етіп отыр
АҚШ мемлекеттік хатшысы Рубио Иран өзінің ядролық бағдарламасына қатысты мәселелерді талқылауға келіскенін мәлімдеді.
Алайда оның айтуынша, келіссөздерді жалғастырудың негізгі шарты – Иранның Ормуз бұғазын ашуы.
Рубионың сөзінше, келіссөздердің келесі кезеңі өте күрделі техникалық мәселелерге арналмақ және ол 30 күннен 90 күнге дейін созылуы мүмкін.
«Бұл өте техникалық мәселелер. Оларды бес күннің ішінде шешуге болады деп ойламаймын. Сарапшылар тобының 30, 60 немесе 90 күн бойы жұмыс істеуі қажет болады», – деді Марко Рубио Сенаттың халықаралық қатынастар комитетіндегі тыңдау барысында.
Оның айтуынша, келіссөздердің екінші кезеңінде жоғары деңгейде байытылған уранды жою және бақылау тетіктері талқыланады.
Сонымен қатар АҚШ әкімшілігі Иранға санкцияларды тек Ормуз бұғазын ашқаны үшін ғана жеңілдетуді ұсынбайтынын атап өтті. Вашингтонның ұстанымы бойынша, Тегеран ядролық бағдарламасына байланысты міндеттемелерін орындап, шектеулерге келіссе ғана санкцияларды жұмсарту мәселесі қаралады.
Сәуір айының басынан бері АҚШ пен Иран арасында уақытша бітім сақталып келеді. Осы кезеңде тараптар түпкілікті бейбіт келісімге қол жеткізуге тырысып жатыр. Алайда Иранның Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Израильдің Ливан аумағына соққыларын қайта бастауы Тегеранның Вашингтонмен келіссөз процесін уақытша тоқтатуына себеп болған.
Соған қарамастан АҚШ президенті келіссөздердің әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.