«Келешек мектептері»: Түрксіб ауданында 4 мың оқушыға арналған екі жаңа мектеп ашылды
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Алматыда 1 қыркүйекте 8 жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашады.
Оның жетеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынса, тағы бір білім ордасы жергілікті бюджет есебінен бой көтерген.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, бюджет қаражаты есебінен салынған мектеп – Алатау ауданындағы Зерделі шағынауданында орналасқан №178 мектеп. Білім беру нысанының құрылысына 3,4 млрд теңге бөлінген. Жаңа мектеп 550 оқушыға шақталған.
Алматыда оқушы саны артып келеді
Бүгінде Алматыда 1 828 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 235-і мемлекеттік мектеп болса, 127-сі жекеменшік білім беру ұйымы.
Сонымен қатар биыл Алматыдағы мектептерде 356 968 оқушы білім алмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 670 балаға көп. Яғни қаладағы оқушылар саны жыл сайын артып келеді.
Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Кәрімжанованың айтуынша, жаңа мектептердің барлығы 2026-2027 оқу жылында балаларды қабылдауға дайын. Қазір білім беру нысандарына педагогтер мен оқушыларды қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жаңа оқу жылында балаларға есігін айқара ашатын жеті «Келешек мектебі» бар. Сонымен қатар бір шағынауданда тағы бір жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Барлығы 1 қыркүйектен бастап жұмысын бастайды. Қазір бұл мектептерге ұстаздар мен оқушыларды қабылдау жүріп жатыр», – деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Кәрімжанова.
Жаңа білім ордаларының ашылуы қаладағы оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен Алматыда бала санының жыл сайын артуына байланысты бұл мәселе әлі де өзекті.
Білім басқармасының мәліметінше, биыл бірінші сыныпқа қабылданатын балалар саны да алдын ала болжамнан асып түскен. Алғашқы есеп бойынша, жаңа оқу жылында 31 мың 200 баланы бірінші сыныпқа қабылдау жоспарланған. Алайда қабылдау науқаны барысында бұл көрсеткіш 31 мың 600 балаға жеткен. Бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары 31 тамызға дейін жалғасады.
Баланың болашағына бағытталған мектеп
«Келешек мектептері» бағдарламасы аясында Алматының Түрксіб ауданында екі бірдей жаңа мектеп ашылады. №228 мектеп Қайрат шағын ауданындағы «Тайм Сити» тұрғын үй кешенінің маңында орналасып, 2000 оқушыға есептелген. Ал №229 мектеп «Жеті Қазына» тұрғын үй кешенінің маңында. Ол да 2000 оқушыға арналған. Осылайша, екі мектеп жалпы 4 мың оқушыға білім алуға мүмкіндік береді.
№229 мектептің директоры Мақпал Батырханованың айтуынша, қазір мұнда шамамен 1000 бала білім алып жатыр. 40-қа жуық сынып-комплект жасақталған. Мектепке 65 мұғалім қабылданған, педагог тапшылығы жоқ.
Сонымен қатар, шалғай аудандардан оқушыларды тасымалдау үшін мектепке 14 автобус бөлінген.
Мектептің басты ерекшелігі – оқу бір ауысымда жүргізіледі.
№229 мектепте де 2000 бала білім ала алады. Қазірдің өзінде мұнда шамамен 1000 оқушы қабылданған. Мектепте 40-қа жуық сынып-комплект жасақталып, 65 мұғалім қызметке алынған.
Мектеп директоры Мақпал Батырханованың айтуынша, педагог тапшылығы жоқ. Ұстаздар Enbek.kz порталы арқылы конкурстық негізде іріктеліп қабылданған.
Заманауи ғимаратта бастауыш және жоғары сыныптарға арналған төрт спорт залы, 270 орындық акт залы бар. Сондай-ақ асханада бір уақытта 450 оқушы тамақтана алады. Мектеп аумағында балалардың спортпен шұғылдануына арналған арнайы алаңдар да қарастырылған.
«Келешек мектептері» бағдарламасы аясында ашылған №228 мектеп те заманауи білім беру талаптарына сай жабдықталған. Мектеп директоры Салтанат Мұсағұлованың айтуынша, мұнда балалардың тек білім алуына ғана емес, олардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына да ерекше жағдай жасалған.
«Мектепте оқушылардың денсаулығы мен психологиялық жай-күйіне көңіл бөлінеді. Штатта логопед, дефектолог және психолог бар. Бірінші сынып оқушылары арнайы диагностикадан өткеннен кейін сөйлеуінде ерекшелігі бар балаларға жеке жұмыс жоспары әзірленеді», – дейді Салтанат Мұсағұлова.
Білім ордасының тағы бір ерекшелігі – оқушылардың күнделікті келуін бақылауға мүмкіндік беретін Face ID жүйесінің орнатылуы. Мектепке кіреберістегі бұл жүйе баланың сабаққа келгенін тіркеп қана қоймай, оның асханада тамақтанғанын да бақылауға мүмкіндік береді. Бір құрылғы 800 оқушыға есептелген.
Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту үшін жаңа оқу жылынан бастап мектепте шахмат үйірмесі міндетті түрде енгізіледі. Сонымен қатар волейбол және баскетбол секциялары жұмыс істейді. Ұлттық ойындарға арналған алаңдар да қарастырылған. Мектепте екі үлкен және екі шағын спорт залы бар.
Жаратылыстану пәндеріне де басымдық берілген. Мектепте екі биология кабинеті жабдықталған. Олардың әрқайсысында зертхана мен лаборант бөлмесі бар. Кабинеттер микроскоптар және тәжірибелік сабақтарға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
«Балалардың пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін теорияны тәжірибемен ұштастыру маңызды. Сондықтан биология кабинеттеріндегі зертханаларда оқушылар тәжірибе жасап, алған білімдерін іс жүзінде қолдана алады», – дейді мектеп басшылығы.
Жаңа мектептердің ашылуы Түрксіб ауданындағы оқушы орындарының тапшылығын азайтуға септігін тигізеді.
Робототехника кабинеттері, STEM-зертхана, коворкинг орталығы, хореография залы, кітапхананың жаңа форматы, төрт спорт залы, алғашқы әскери дайындық алаңы – мұның бәрі оқушының қабілетін ерте жастан анықтап, дамытуға арналған.
«Келешек мектептері» – жай ғана жаңа мектеп қана емес, оқушыға сапалы білім алып, түрлі бағытта қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін заманауи орта. Мұнда қауіпсіздікке, инклюзивті білімге, цифрлық технологияларға және оқушылардың болашақ мамандығын ерте таңдауына ерекше мән берілген. Жоба арқылы балаларға жайлы, әрі заманауи білім беру көзделген.