Оқиғалар

Алматыда жол апатынан екі адам қаза тапты

Алматының Алатау ауданында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам көз жұмып, тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Фото: әлеуметтік желіден

Полицияның мәліметінше, апат жұма күні таңғы сағат 03:10 шамасында Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшесінің қиылысында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Suzuki автокөлігінің жүргізушісі Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатып, кері бұрылу кезінде шығыс бағытта қозғалып келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан.

Соққы салдарынан Suzuki көлігінің жүргізушісі мен жолаушылардың бірі оқиға орнында қаза тапты. Ал екінші жолаушы мен Mercedes жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілген.

Аталған жол апаты бойынша екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Сайт Әкімшілігі