Қоғам

Бибісара Асаубаева қазақ тілін үйрене бастағанын мәлімдеді

Үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева ана тілі – қазақ тілін үйрене бастағанын хабарлады.

Фото: gov.kz

22 жастағы шахматшы өзінің Telegram-арнасында қазақ тілі сабағынан қысқаша бейнеүзінді жариялап, оқырмандарынан өзін қатаң сынамауды өтінді.

«Сабағымнан шағын үзінді. Дамуымды көру үшін осында бөлісіп отыруды жөн көрдім. Қатты сынамаңыздар», – деп жазды спортшы.

Желі қолданушыларының басым бөлігі Бибісараның бұл бастамасын қолдап, оған сәттілік тілеп, ана тілін меңгеруге деген талпынысын жоғары бағалады.

Еске салайық, бұған дейін Бибісара Асаубаева сұхбаттары мен ресми мәлімдемелерін негізінен орыс және ағылшын тілдерінде бергені үшін қоғам тарапынан бірнеше рет сынға ұшыраған болатын. Кейін шахматшы мұны балалық шағында Ресейде білім алып, сонда жаттыққанымен түсіндіріп, қазақ тілін үйренуге уәде берген еді.

Енді спортшы осы уәдесін орындауға кіріскенін көпшілікпен бөлісті.

Сайт Әкімшілігі