Әлеумет

ҚПЛ-дегі дау: төреші Арман Исмұратов бес тәулікке сырттай қамауға алынды

Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты футбол төрешісі Арман Исмұратовты бес тәулікке сырттай қамауға алу туралы шешім шығарды.

Фото: скриншот

Бұл туралы қоғам белсендісі әрі Президент саясатын қолдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл орталығының жетекшісі Серік Байғалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, сот Қазақстан футбол федерациясының атына да жеке қаулы жолдаған. Енді федерация аталған жағдайды қарап, төрешіге қатысты тиісті шешім қабылдауы тиіс.

– Абайдың қасиетті жерінде мұндай әрекетке жол беруге болмайтынын бәрі түсінуі керек. Шешімді әділ деп санаймын. Енді федерация қандай шешім қабылдайтынын көреміз, – деді Байғалиев.

Жанжал Қазақстан Премьер-лигасының Семейдің «Елімайы» мен Шымкенттің «Ордабасысы» арасындағы матчынан кейін туындады. Кездесуге бас төреші ретінде Арман Исмұратов қызмет көрсеткен.

HALYQSTAN мәліметінше, ойын аяқталғаннан кейін төрешіні Астана әуежайында полиция қызметкерлері күтіп алған. Алайда сол кезде оған қатысты қандай да бір ресми айып тағылғаны жарияланған жоқ.

Қоғамдық резонансқа әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба себеп болды. Онда матчтың бас төрешісі семейлік клуб өкілдеріне қатысты бейәдеп сөздер айтқан деген ақпарат тарады.

Кездесу барысында Исмұратов «Ордабасының» қақпасына соғылған екі голды есепке алмады. Эпизодтардың бірінде офсайд жағдайы VAR жүйесі арқылы расталған.

Матч аяқталған соң «Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович пен жартылай қорғаушы Жан-Али Пайруз төрешімен сөйлеспек болған. Нәтижесінде екеуі де қызыл қағаз алды.

Кейін Андрей Карпович төрешінің өзін қорлап, клубқа қоқан-лоқы жасағанын мәлімдеді.

– Өзінің әрекеті арқылы ол бүкіл облысты, жанкүйерлерді қорлады. Бұдан бөлек, чемпионаттың қалған бөлігінде «Елімайды» да, мені де «жаншып тастаймын» деген мағынада сөз айтты, – деді бас бапкер.

Осы оқиғадан кейін «Елімай» жанкүйерлері Абай облысының әкімі Берік Уәлиге үндеу жасап, жағдайды жеке бақылауға алуды сұрады. Олар клубтың өңір үшін маңызды әлеуметтік жоба екенін атап өтіп, командаға әділ қарым-қатынас көрсетуді талап етті.

Т. РАУШАНҰЛЫ
Тегтер: ҚПЛ