«Гештальт жабылды»: Құрылтайға «терминатор» мен «тазша бала» керек пе?
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде тағы сынға қалды. Бұл жолы мәселе оның саяси мәлімдемесінде де, депутаттық сауалында да емес, жұбайын туған күнінде «Мәжілістің көк папкасымен» құттықтаған видеосы және Мәжіліс отырысына камера орнатылған көзілдірік тағып келгені болды.
Жақынын, туысын, жұбайын көпшілік алдында құттықтауға әркімнің құқы бар. Бірақ қоғамның ашуын тудырғаны – құттықтаудың өзі емес, оның Мәжіліс атынан берілгендей көрінуі. Заң шығарушы органның құжатына ұқсас безендірілген папка, депутаттың «парламент таратылғанға дейін үлгердім» деген ишарасы, «гештальт жабылды» деген орынсыз әзілі жұртқа оғаш көрінді. Өйткені мәселе бір адамның әйелін құттықтауында емес, мемлекеттік институттың беделі жеке брендтің реквизитіне айналып бара жатқандай әсер қалдыруында еді.
Қоғамның белсенді бөлігі депутаттың бұл әрекетіне бейжай қараған жоқ. «Заң шығарушы орган «гештальт жабатын орынға айналғаны ма?», «Мәжіліс отбасылық құттықтауға арналған реквизит емес» деген пікірлер көп айтылды және ол бекерден-бекер емес еді.
Кейінгі жылдары депутат мандаты, әлеуметтік желідегі танымалдық, жеке бренд, отбасылық контент және мемлекеттік институт мәртебесі бір-бірімен араласып кеткендей көрінеді. Парламент мінбері кейде саяси пікірталас алаңынан гөрі, жеке эмоция, имидж, хайп, контент жинайтын сахнаға ұқсап бара жатқан сыңайлы. Ал қоғам мұны көріп-біліп, сезіп отыр. Сезіп қана қоймай, әр оғаш қадамға дереу реакция беретін деңгейге жетті.
Назаровтан Мұқаевқа дейін
Дәулет Мұқаевқа қатысты бұл дау бір күнде пайда болған жоқ. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров пленарлық отырыс кезінде анасын туған күнімен құттықтап, қоғам сынына ұшыраған еді. Мұнда да негізгі мәселе депутаттың анасын құттықтауында емес. Қазақ қоғамында анаға құрмет – ешкім дауламайтын құндылық. Бірақ мәселе оны қай жерде, қандай мінберде, қандай алаңда айтылуында. Парламент мінбері – жеке құттықтаудың емес, мемлекеттік мәселенің мінбері. Ол жерден елдің заңы, халықтың мұңы, қоғамның дауы, мемлекеттің бағыты айтылуы керек екені айтпаса да түсінікті. Ал депутат сол мінберді жекеге пайдаланса, қоғам басқаларда ондай мүмкіндік жоқ. Анасын, жарын, баласын Парламент мінберінен құттықтағысы келсе де, өйте алмайды. Ал депутат мүмкіндік алды. Бұл жерде мандаттың артықшылығы көрінеді. Ойдан-қырдан қосып, олай-былай сөйлей беретіні үшін «Терминатор» атанған Ардақ Назаровтың оқиғасы қоғамда «Депутат мінберінің қадірі қайда қалды?» деген сұрақ тудырса, «тазша бала» Дәулет Мұқаевтың «парламент атынан» жолдаған құттықтау грамотасы сол сұрақты қайтадан «су бетіне» шығарды.
Дәулет Мұқаев – саясаткер ретінде емес, әлеуметтік желідегі танымал тұлға ретінде Мәжіліске келген адам. Қазақтілді аудиторияда ол қаржылық сауат, әлеуметтік төлем, баспана, қайырымдылық тақырыптарын қарапайым тілмен түсіндіріп, үлкен аудитория жинады. Оның «Dauletten» парақшасын миллионнан астам адам оқыды. Қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж жандарға үй алып беру акцияларын ұйымдастырды. Осы имидж оны халыққа жақын, «өзіміздің бала», «тақиялы періште» бейнесінде көрсетті.
Бірақ блогер ретіндегі танымалдық пен депутаттық жауапкершілік бір нәрсе емес. Блогер аудиторияның ықыласына жұмыс істейді. Депутат мемлекеттің тәртібіне бағынады. Блогерге эмоция, жеңіл тіл, жеке өмір, отбасы, хайп – контенттің бір бөлігі болуы мүмкін. Ал депутат үшін мұның бәрі шектеулі болуы тиіс. Өйткені ол енді инфлюенсер ғана емес, заң шығаратын органның өкілі.
Мұқаевтың айналасындағы дау тек осы құттықтаумен шектелмейді. Бұған дейін оның аты «Декретке миллионмен» деген даулы курспен қатар аталды. Ақтөбеде екі бухгалтер «миллионмен декретке шығару» схемасы бойынша 6 жылға сотталды. Іс материалдарында олардың бірі бұрынғы блогер, қазіргі депутат Дәулет Мұқаевтың «Декретке миллионмен» атты курсын оқығанын айтқан. Тергеу деректеріне қарағанда, курсқа қатысқан адамдар жүкті әйелдердің атына жеке кәсіпкерлік ашып, жоғары жалақы көрсетіп, мемлекеттен ірі көлемде бірреттік төлем мен ай сайынғы жәрдемақы алудың жолдарын пайдаланған.
Мұқаев бұл сындарға жауап беріп, ешқашан заң бұзуға шақырмағанын, керісінше, бейнесабақтарында «өтірік ИП ашпаңдар», «алаяқтыққа бармаңдар», «заң алдында жауап бересіңдер» деп ескерткенін айтып ақталды. Оның сөзінше, курс заңды кәсіппен айналысып жүрген әйелдерге табысын заңдастырып, әлеуметтік мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануды түсіндіруге арналған-мыс.
Депутат қанша ақталса да, әлгіндей орынсыз әрекеттерінен соң оның «тақиялы періште» деген жағымды бейнесі өзгеріп, «тазша бала» деген ат мықтап жабысқандай көрінеді.
Депутаттық әдеп «асауға тұсау» ма?
Қызығы, Мәжіліс депутаты «гештальт жауып» жатқанда Парламентте Құрылтай туралы заң жобасы аясында депутаттық әдеп нормалары талқыланып жатты. Жаңа саяси модель бойынша қазіргі екі палаталы Парламент таратылып, бірпалаталы парламент – Құрылтай сайлауы өтеді. Осы жаңа органның депутаттарына қатысты әдеп қағидалары бөлек қарастырылмақ. Заң жобасының 55-бабында «Құрылтай депутаттарының депутаттық әдеп қағидалары» көрсетілген. Онда депутаттар «бір-біріне және Құрылтай жұмысына қатысатын адамдарға сыйластықпен қарауға, дөрекі, қорлайтын сөздер қолданбауға, заңсыз әрекетке шақырмауға, отырыстардың қалыпты жұмысына кедергі келтірмеуге тиіс» екені жазылған.
Бірақ осы баптың ең маңызды тұстарының бірі – депутаттар Құрылтай отырыстарында сөз сөйлегенде мінберді жеке және депутаттық өкілеттікке қатысы жоқ өтініштер үшін пайдаланбауға тиіс. Бұл норма Ардақ Назаров оқиғасынан кейін тіпті өзекті көрінеді. Яғни енді депутат мінберге шығып, анасын, жарын, баласын туған күнімен құттықтай алмайды.
Тағы бір маңызды норма – депутаттық бланкілерді тек ресми сауал жолдау, хаттар мен құжаттар үшін ғана пайдалану міндеті. Бұл жайт Дәулет Мұқаевтың оқиғасына жанама түрде жауап беріп тұрғандай.
Заң жобасында депутаттардың масс-медиадағы, баспасөз конференцияларындағы, митингілердегі және өзге де көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде анық әрі тексерілген фактілерді ғана пайдалануға міндетті екені көрсетілген. Қоғамдық пікірді бұрмалайтын пайымдауларға, адамның ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздерге жол бермеу міндеті қойылған. Егер депутат тексерілмеген немесе шындыққа сай келмейтін мәлімет айтса, мүддесіне нұқсан келген ұйымдар мен адамдардан көпшілік алдында кешірім сұрау – оның парызы.
Сырттай қарағанда, әбден дұрыс талап. Депутат жауапкершілігін түсінуі керек. Мінберден де, журналист алдында да, әлеуметтік желіде де дәлелсіз нәрсе айтпауы тиіс. Себебі депутаттың сөзі қоғамға әсер етеді. Сондықтан жауапсыз мәлімдеме, тексерілмеген дерек, эмоциямен айтылған айыпқа орын жоқ.
Бірақ осы норманың екінші қыры бар. Онсыз да «бас жаққа барыспайтын» депутаттар бұрынғыдан да сақ, бұрынғыдан да сыпайы, тіпті бұрынғыдан да үнсіз болып қалуы мүмкін. Өткір сұрақ қойылғанда депутат «ақпаратты тексеріп алайын» деп жалтаруы ықтимал. Егер «тек тексерілген фактіні ғана айт» деген норма депутатты қоғамдық дабылды көтеруден тежейтін құралға айналса, онда бұл этика емес, тұсау тетігіне айналуы мүмкін.
Былтыр 14 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өткен. Сол жерде Тоқаев «хайп қажет емес» деген мазмұнда ой айтқан еді. Президенттің «Жаңа Парламентте популизмге жол жоқ» дегеніне қарағанда «тазша бала», «терминаторлардан» Тоқаевтың да көңілі әбден қалған сияқты...
Тұрсынбек БАШАР