Қоғам

Агроөнеркәсіп саласындағы Қазақстан мен Корея тәжірибесі

Агроөнеркәсіп кешені кез келген мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, экономиканың тұрақты дамуына серпін беретін және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін айқындайтын стратегиялық салалардың бірі саналады. Климаттық өзгерістер, әлемдік нарықтағы құбылмалы жағдай, логистикалық тізбектердің үзілу қаупі мен халық санының тұрақты өсуі жағдайында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, өнімділікті көбейту және ғылыми негізделген технологияларды өндіріске енгізу бұрынғыдан да маңызды міндетке айналып отыр.

Фото: из открытых источников

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ауыл шаруашылығы ғылымын халықаралық тәжірибемен ұштастырып, озық технологияларды елге тартуға бағытталған жаңа жобалары отандық агроөнеркәсіп кешенінің дамуына пайдасы мол. Соның айқын көрінісі ретінде Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның бірлесіп қолға алған вирустардан таза тұқымдық картоп өндірудің толық циклді интеграцияланған жүйесін қалыптастыру жобасын атауға болады.

Қазақстанда Оңтүстік Кореямен бірлесіп еліміздегі алғашқы толық циклді интеграцияланған вирустардан таза тұқымдық картоп өндірісі жүйесін құру жобасы іске қосылады. Жобаны Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Оңтүстік Кореяның Vitrosys Agricultural Incorporation компаниясы бірлесіп жүзеге асырады. Ғылыми әлеует пен өндірістік тәжірибені ұштастыратын бұл әріптестік ауыл шаруашылығында жоғары технологияларды кеңінен қолдануға жол ашпақ.

Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 10 млн АҚШ долларына дейін жетеді. Жоба аясында вирустардан таза өсімдіктерді алу мен олардың зертханалық диагностикасынан бастап, шағын түйнектерді өсіруге және жоғары репродукциялы тұқымдық картоп өндіруге дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастырылады. Бұл жүйе тұқым шаруашылығының барлық кезеңдерін бір технологиялық тізбекке біріктіреді. Оңтүстіккореялық серіктестер өз кезегінде in vitro жағдайында вирустардан таза өсімдіктерді жаппай көбейту технологияларын, отырғызу материалын сауықтырудың озық әдістерін және минитүйнектер өндірудің заманауи жүйелерін Қазақстанға енгізеді. Бұл технологиялар әлемнің бірқатар елдерінде жоғары тиімділігін дәлелдеген. Олар қысқа мерзім ішінде сапалы тұқымдық материал көлемін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар отырғызылатын материалдың генетикалық тазалығы мен сорттық ерекшеліктерінің сақталуы да басты назарда болмақ. Биотехнолог Баян Ертілектің айтуынша, бұл жобаның ғылыми негізін ауыл шаруашылығындағы ең озық биотехнологиялық шешімдер құрайды.

«Мұндай технологиялар картопты көбейту үдерісін едәуір жеделдетуге, сорттың биологиялық қасиеттерін жоғалтпай сақтауға, өнімнің сапасын арттыруға және жоғары сапалы тұқымдық материал өндіруге мүмкіндік береді. Вирустардан таза өсімдіктердің қолданылуы кейінгі барлық репродукциялардағы өнімнің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Өйткені тұқымдық материалдың сапасы картоптың өнімділігіне, ауруларға төзімділігіне және сақтау мерзіміне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі саналады. Бастаманы іске асыруға Қазақстан мен Корея Республикасының ғалымдары бірлесіп қатысады. Халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында шетелдік тәжірибе мен отандық ғылыми мектептің мүмкіндіктері ұштасады. Бірлескен жұмыстардың негізгі бағыты жаңа технологияларды Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайына бейімдеу, тұқым шаруашылығының заманауи әдістерін өндіріске енгізу және жоғары білікті қазақстандық мамандарды даярлау болады», – деді маман.

Бүгінде Қазақстанның сапалы тұқымдық картопқа деген жыл сайынғы сұранысы 450-480 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 1,6-1,9 мың тоннасы түпнұсқалық тұқымдарға, ал 11-12 мың тоннасы элиталық тұқымдарға тиесілі. Бұл көрсеткіштер сапалы тұқымдық материалдың ауыл шаруашылығы өндірісіндегі стратегиялық маңызын айқын көрсетеді. Өйткені жоғары сапалы тұқым өнім көлемін арттырып қана қоймай, өндіріс шығындарын азайтып, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.Жоба толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін еліміздің G1, G2 және G3 санатындағы тұқымдық картопқа деген ішкі сұранысын іс жүзінде толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл Қазақстан үшін импорттық тұқымға тәуелділікті айтарлықтай қысқартып, ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті селекцияның дамуына, жаңа сорттардың өндірісте кеңінен қолданылуына және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының экономикалық тиімділігінің артуына жағдай жасайды.

Жол картасына сәйкес, 2027 жылдың өзінде 200 мың дана вирустардан таза in vitro өсімдігін және шамамен 1,2 млн минитүйнек алу жоспарланған. Бұл өндірістік жүйенің алғашқы нәтижелерінің бірі болмақ. Ал 2028 жылы G1 санатындағы тұқымдық картоп өндірісінің көлемі 1,2 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. 2029 жылы бұл көрсеткіш 1,5 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Ал 2030 жылы кәсіпорын толық жобалық қуатына шығып, жыл сайын шамамен 3,9 мың тонна G1 санатындағы тұқымдық картоп өндіретін деңгейге жетеді.

С.Бақберген

Сайт Әкімшілігі