Әлеумет

Ақтауда жаңаөзендік дәрігердің өліміне қатысты сот процесі басталды

Ақтау қаласында Жаңаөзендік дәрігер Нұрдәулет Аманғалиұлының қазасына байланысты қылмыстық іс сот қарауына өтті.

Әлеуметтік желіден

Іс мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қаралып жатыр, судья — Серікқали Бердібеков.

Бұл іс әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Сот отырысына қатысқан блогер Азамат Сәрсенбаев залдағы ахуалды «ауыр әрі көңілге салмақ түсіретін» деп сипаттады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдайға қызғаныш себеп болуы мүмкін. Айыпталушы – 14 жыл отасып, бес қыз тәрбиелеп отырған ер адам. Ол жұбайының опасыздығын ауыр қабылдап, мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқаны айтылады. Тіпті жағдайды саралау үшін қажылыққа барғаны да айтылған.

Алайда кейін тағы дәлелдерге тап болған соң, ер адам күйзеліс үстінде пышақ алып, қарсы тараптың жұмыс орнына барып, бірнеше рет соққы жасаған. Одан кейін өз еркімен полицияға берілгені хабарланды.

«Бұл оқиға екі адамның тағдырын өзгертті: бірі қаза тапты, екіншісін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр», - дейді блогер.

Ресми органдар істің құқықтық бағасы сот үкімі шыққаннан кейін ғана берілетінін мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі