Қазақстанда вейптердің заңсыз саудасы тоқтамай тұр: 276 мыңнан астам құрылғы тәркіленді
Қазақстанда электронды тұтыну жүйелерінің айналымына тыйым салынғанына қарамастан, оларды заңсыз әкеліп, сақтап, сататындардың әрекеті әлі де анықталып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жыл басынан бері вейптердің заңсыз саудасына қатысты 25 дерек тоқтатылған.Қазір осы фактілер бойынша 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленген. Сонымен қатар 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданған.
Ең алаңдатарлығы – тыйым салынған өнімді тұтынушылардың арасында жастар мен кәмелетке толмағандар бар. Бұл никотинге тәуелділіктің таралуына әсер етіп, өскелең ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді.
Мәселен, Астанада ҚМА департаменті вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктілер өнімдерді сақтау үшін жалға алынған қоймалар мен кеңселерді пайдаланған. Сауда интернет-дүкендермен қатар Telegram, WhatsApp және Zangi мессенджерлері арқылы жүргізілген.
Заңсыз табыстың ізін жасыру үшін жеке кәсіпкерлердің банк шоттары пайдаланылған. Сатып алушыларға төлем мақсатын «тұрмыстық техника сатып алу» ретінде көрсету ұсынылған. Осы шоттар арқылы өткен ақша көлемі 3,2 млрд теңгеден асқан.
Қарағанды облысында Telegram арқылы вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар да сотталды. Олар төрт қойма мен интернет-дүкен операторларын, сондай-ақ курьерлерді пайдаланып, заңсыз сауда желісін құрған.
Тінту кезінде жалпы құны 340 млн теңгеге жуық 30 мың электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. Сот оларды 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
Ал Ұлытау облысында вейптерді «дропперлер» арқылы сатуды ұйымдастырған екі тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Олар ақшаны алу және аудару үшін курьердің атына рәсімделген банк шотын пайдаланған. Сот әрқайсысына 4 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, қылмыстық жолмен алынған табысты тәркілеуге шешім шығарды.