Қоғам

Қарағандыда егін егуге алынған 300 млн теңге несиеге қатысты тергеу басталды

Қарағанды облысында «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген 300 млн теңге несие қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.

gov.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы мамырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы мен «Рашан» ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыруға арналған несие шарты жасалған. Қарыздың орындалуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік берген.

Шарт бойынша «Рашан» ЖШС-нің есепшотына 300 млн теңге аударылған. Кейін компания бұл қаражатты егіс жұмыстарына қажетті шығындарды өтеу мақсатында екі басқа серіктестікке аударған.

Атап айтқанда, шамамен 148 млн теңге тұқым сатып алуға, ал 152 млн теңге ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, жанар-жағармай мен жұмысшылардың еңбекақысына жұмсалуы тиіс болған.

Алайда тергеу барысында көрсетілген шығындардың іс жүзінде болмағаны анықталған. Атап айтқанда, тұқым сатып алынбаған, ауыл шаруашылығы техникасы жалға алынбаған. Сонымен қатар аталған жер учаскелеріне егін егілмеген.

Осы дерек бойынша «Рашан» ЖШС директоры күдікті деп танылды. Сот санкциясымен оның мүлкіне тыйым салынған.Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мәліметтері жарияланбайтынын хабарлады.

Сайт Әкімшілігі