Қоғам

Астанада демалыс үйін жалға беремін деп алдаған күдікті ұсталды

Елордада демалыс үйін жалға беремін деп сан соқтырған күдікті анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Полиция

Астана қаласы полиция департаментінің Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен 35 жастағы азаматты ұстады.

Тергеу барысында күдіктінің Астана қаласының маңындағы демалыс базаларынан үйлерді жалға беремін деген сылтаумен азаматтарды алдағаны белгілі болды.

Ол «Instagram» әлеуметтік желісінде жалған хабарландырулар орналастырып, жәбірленушілерді арзан әрі қолжетімді ұсыныстармен қызықтырған. Хабарласқан азаматтарға «басқа адамдар да күтіп отыр, үйлер тез өтіп кетеді» деп сендіріп, алдын ала төлем жіберуді талап еткен.

Жәбірленушілер көрсетілген есепшоттарға ақша аударған. Күдікті ақшаларды басқа есепшоттарға аудартып, алынған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктінің 7 эпизодқа қатысы бары анықталды.

Сайт Әкімшілігі