Казачьедегі Нұршайықовтың ескерткіші алынып тастала ма?
Өскемен қаласының іргесіндегі Ұлан ауданына қарасты Т.Тоқтаров ауылдық округінің құрамында Казачье деген елді мекен бар.
Атауы қашан, қалай, не себептен қойылғаны маңызды емес. Бірақ осы шағын ауылдың кіреберісінде келген жанның көзіне бірден түсетін қазақтың көрнекті жазушысы, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер, «Ақиқат пен аңыз», «Махаббат, қызық, мол жылдар» сияқты шығармалардың авторы Әзілхан Нұршайықовқа қойылған ескерткіштің көңіл қуантатыны рас. Бір кездері Заречный болып аталған негізгі көше де қазір жазушының ныспысымен аталады. Негізінен өзге ұлт өкілі басым тұратын Казачьеде қазақ жазушысының есімі бедерленіп, бейнесі қасқайып тұрғаны «бір ғанибет емес пе?» деп айтуға лайықты ғой.
Бірақ ауыл тұрғындары өздері бір кісідей ұйымдасып, 2023 жылы орнатқан Ә.Нұршайықовтың бюстін жергілікті атқарушы билік заңсыз тұрғызылған деп танып отыр. Яғни бұл іске бастамашы болғандар сол кезде аудандық әкімдіктен ешқандай рұқсат алмаған. Бір қызығы, сол кезде аудандық «Ұлан таңы-Уланские зори» газетінің қос бетін алып, «Установили бюст писателю, фронтовику Азильхану Нуршаихову» деген атпен арнайы мақала жарық көріпті. Авторы осы газеттің сол кездегі редакторы Жансап Жанғозин.
Жергілікті тұрғын, осы ескерткіштің авторы, қолөнер шебері Файзулла Узбаевтың айтуынша, ауыл халқы бірауыздан ұйымдасып, қаражат жинап, Т.Тоқтаров ауылдық округінің әкімі болған Төлеген Оспановтың өтінішімен Әзілхан Нұршайықовқа ескерткіш орнатуға қуана әрі құлшына кіріседі.
«Ескерткіш 2023 жылдың шілде айында ашылған кезде халық ерекше қуанды. Ескерткіш жай тұрғызыла салған жоқ. Айналасы тегістеліп, безендіріліп, өрнекті қоршау орнаттық. Алдында екі тырнаның мүсіншесі де бар. Ол өткенді қастерлеу деген ұғымды білдіреді. Әзағаның ескерткішінің лентасын осы ауыл колхоз болып тұрғанда ұзақ жылдар басқарған марқұм Василий Гладышев қиды. Салтанатты шараға Ұлан ауданының басшылығынан үш адам келіп қатысқан болатын. Ол кезде ескерткішті заңдастыру, арнайы құжатын алуды кейін жүзеге асырамыз деп ойладық. Өткен жылдан бері оның ешқандай қорғауға алынбайтыны, рұқсатсыз орнатылғандықтан, құжат жасалмайтыны, тіпті заңсыз болып танылатындығы туралы хаттар келіп жатыр. Енді жұрт жұмыла кірісіп орнатқан Әзілхан Нұршайықовтың ескерткіші алынып тастала ма деп алаңдап отырмын», – дейді Файзулла Шайзадаұлы.
Ел ағасының алаңдайтын жөні бар. Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы С.Қасеновтің Ұлан ауданының әкімі А.Бекбосыновқа жолдаған хатында (неге екені белгісіз датасы көрсетілмеген –авт.) былай делінген:
«Аталған нысан (Ә.Нұршайықовтың ескерткішін айтады – авт.) 2023 жылы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамай, яғни уәкілетті органдардың келісімін алмай, рұқсатсыз орнатылғаны анықталып отыр.
Осыған байланысты «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №288-VІ Заңының талаптарына сәйкес, мұндай нысандар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілмейді және мемлекеттің қорғауына алынбайды».
Осылай дей келе құжат соңында «заңнама талаптарын бұзушылыққа жол бермеу мақсатында аталған ескерткішті орнынан алып тастау жұмыстарын ұйымдастыру қажет екендігі» ескертілген.
Бұл құжат Шығыс Қазақстан облысының әкімі Н.Сақтағановтың 2025 жылдың қазан айында Таврия ауылында азаматтарды қабылдау кезінде Ф.Узбаевтың ескерткішті құжаттандыру жөнінде облыс әкімінің назарына ұсынған өтінішін негізге алып жолданған сыңайлы. Өйткені осы кездесуде облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Мәдениет басқармасының басшысы С.Қасеновке өтініш иесін 21 қарашаға дейін ақпараттандыруды жүктейді. Ақпараттандырудың жайы ескерткіштің 2025 жылдың 24 қыркүйегінде жарияланған мораторийге байланысты ескерткішті құжаттандыру мүмкіндігі жоқ екендігімен түйінделеді.
Осы мәселеге байланысты Ұлан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Амангелдіқызына хабарласқанымызда, әзірге ескерткішті бұзу жайы қарастырылмағанын айтты.
«Ескерткішті құжаттандыруда мәселе туындап тұрғаны рас. Бірақ ауылдың көрнекі жерінен орын алған нысанға ешкім де тиіспейді. Құжаттандыру дер кезінде қолға алынбағанымен, оның ауыл көркін кіргізіп тұрғанын мойындау қажет. Ауыл тұрғындары таяуда ғана ескерткіш маңын тазартып, сенбілік өткізіп, әрлеу жұмыстарын жүргізді. Әзілхан Нұршайықов ескерткіші осы ауылдағы балалар үшін де отаншылдықтың символы іспетті», – дейді А.Амангелдіқызы.
40-қа жуық кітаптары жарық көрген Ә.Нұршайықовтың шығармаларын жіліктеп айтпасақ та халық жақсы біледі. Айтпақшы, майдангер-жазушыға мұндай құрмет көрсетудің өзіндік себебі де бар. Кезінде Таврия ауданына қараған Отрадный ауылында (Казачье ауылына көршілес) Ә.Нұршайықовпен бірге майданда болған Әділхан Құсайынов деген соғыс ардагері тұрыпты. Соғыста бомба түсіп, екі көзінен айырылған жауынгерді 1984 жылы жазушы арнайы іздеп келіп, сұхбаттасып қайтқан екен. «Кейін бір кітабында бұл туралы баяндағанын оқығаным бар» дейді Файзолла ақсақал.
Сонымен, тоқетерін айтқанда, Ә.Нұршайықовқа орнатылған ескерткіш былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледінің кейпінде тұр. Бәлкім, мораторий аяқталған соң заңдастырудың жөні келер деп те үміттенуге болатын сияқты. Қазақтың көрнекті жазушысына қойылған ескерткіш «рұқсатсыз орнатылған» деп алынып тасталса, әлі күнге дейін құжаты жоқ басқа да ескерткіштерді түгендеуге тура келеді. Ал ондай ескерткіштер Абай облысында да, Шығыс өңірде де жетерлік.
Сәтжан Қасымжанұлы,
Шығыс Қазақстан облысы.