Қазақстандағы тағы бір партия жаңа төраға сайлады
Қазақстан халық партиясы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев қызметінен кетті. Оның орнына партияның жаңа төрағасы болып Нұрсұлтан Шоқанов сайланды.
Тиісті шешім 27 маусым күні партияның кезектен тыс съезінде қабылданды.
Съезде сөз сөйлеген Ертісбаев соңғы үш жылдағы партия жұмысына қорытынды жасап, Қазақстан халық партиясы азаматтардың нақты мәселелерін шешумен айналысатын саяси күшке айналғанын айтты.
«Бүгінде Қазақстан халық партиясы – адамдар көмек сұрап келетін орынға айналды. Бұл – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі», – деді ол.
Ертісбаевтың айтуынша, VIII шақырылым басталғалы бері партия фракциясының депутаттары Үкіметке 591 депутаттық сауал жолдаған. Соңғы жылдары партия қатарына 43 мыңнан астам адам қосылған. Сондай-ақ партияның цифрлық платформаларындағы жазылушылар саны 1,1 миллионнан асып, жарияланымдарының жалпы қаралымы 600 миллионнан асқан.
Партия басшылығының ауысуына тоқталған Ертісбаев мұны ұйым дамуының заңды кезеңі деп атады. Делегаттар бірауыздан Нұрсұлтан Шоқановты партия төрағасы етіп сайлады.
Нұрсұлтан Шоқанов 1986 жылы Алматыда дүниеге келген. KIMEP University университетінде «Қаржы» мамандығын тәмамдап, кейін Швейцариядағы IMD Business School бизнес-мектебінде Executive MBA дәрежесін алған.
Еңбек жолын Ernst & Young компаниясында және «Сандриллинг» мұнай сервистік компаниясында бастап, корпоративтік қаржы, әкімшілік басқару, M&A мәмілелері мен дағдарысқа қарсы басқару бағыттарында жұмыс істеген.
2009 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Қазіргі таңда қоғамдық тамақтандыру, азық-түлік жеткізу, бөлшек сауда, IT, өндіріс және дистрибуция салаларында жұмыс істейтін OMIR Group директорлар кеңесінің төрағасы. Компаниялар Қазақстанның алты қаласы мен төрт елде жұмыс істейді.
2021 жылдан бастап Алматы мәслихатының депутаты болып, құрылыс, сәулет, қалалық инфрақұрылым, урбанистика және жер қатынастары мәселелері жөніндегі комиссияларды басқарған. 2022 жылдың желтоқсанынан бері Қазақстан халық партиясының Алматы қалалық, кейін Алматы облыстық филиалдарын басқарды.
2023 жылы Алматы қаласының Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кәсіпкерлер палатасын басқарып, кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары болып сайланды. Сонымен қатар, ол Қазақстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясы президенті қызметін атқарады.
Съезд барысында делегаттар партияның жаңартылған жарғысын және жаңа фирмалық стилін (айдентикасын) да бекітті. Партия мәліметінше, бұл өзгерістер ішкі жұмыстың тиімділігін арттыруға, партиялық тәртіпті күшейтуге және ұйымның заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған.