Қоғам

Ақтауда азаматтық белсенді Мұратбай Жұмағалиев ұсталды

Ақтау қаласында азаматтық белсенді Мұратбай Жұмағалиев ұсталды.

Фото: ашық дереккөз

Полицияның мәліметінше, одан аса ірі мөлшердегі есірткі заты тәркіленген. Ұстау сәтінің видеосы әлеуметтік желілерде тарады.

Кадрларда Жұмағалиевтің: «Мұны менің қалтама өздері салып жіберді! Бұл – арандату!», - деп айқайлағаны естіледі.

Белсендінің ұсталуы мүгедектер арбасындағы ер адамның қатысуымен түсірілген видеоға байланысты дау шыққаннан бірнеше апта кейін болды. Аталған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Осыдан кейін Мұратбай Жұмағалиев видеода көрсетілген ер адам – Эрик Жұмабаевпен бірге үндеу жариялады. Олар бейнежазба шынайы оқиғаны көрсетпейтінін мәлімдеді. Жұмағалиевтің айтуынша, ролик монтаждалған, ал кейбір кадрлар жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалған болуы мүмкін. Өз кезегінде Жұмабаев белсендіге ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан. Сондай-ақ екеуі полицияға жалған ақпарат тарату және тұрғын үйге заңсыз бейнекамера орнату фактілері бойынша арыз түсірген.

Мұратбай Жұмағалиев Жаңаөзендегі танымал азаматтық белсенділердің бірі ретінде белгілі. Ол 2011 жылғы мұнайшылар ереуіліне қатысып, кейін жаппай тәртіпсіздіктер ісі бойынша шартты жаза алған. Кейінгі жылдары рұқсат етілмеген акцияларға қатысқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Белсенді Жаңаөзен оқиғаларын қайта тергеуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, билік әрекеттерін жиі сынға алған.

2023 жылы ол Мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынушы кандидат ретінде сайлауға қатысқан. Қазіргі уақытта істің мән-жайы анықталып жатыр. Ресми ақпаратқа сәйкес, әзірге тек аса ірі мөлшердегі есірткі затының тәркіленгені ғана хабарланған.

Сайт Әкімшілігі