Қоғам

Кеңес Рақышевқа тиесілі «БТА банк» топ-менеджерлеріне 238 млн теңгеден астам сыйақы төлеген

Кәсіпкер Кеңес Рақышевқа тиесілі БТА банк компаниясының топ-менеджерлері 2025 жылы жалпы көлемі 238,4 миллион теңге сыйақы алған.

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық есептілік депозитарийінде жарияланған мәліметке сәйкес, компанияның басқарма құрамында Сахилжан Дугашев, Наталья Лигинова және Ақмарал Шұртабаева бар. Олар аталған қаржы ұйымын 2019 жылдан бері басқарып келеді.

Есепке сәйкес, басқарма мүшелерінің сыйақысы өткен жылмен салыстырғанда шамамен 14 миллион теңгегеартқан.

Компанияның 2024 жылғы аудиторлық есебінде «БТА банктің» түпкі бенефициары ретінде Кеңес Рақышев көрсетілген.Айта кетейік, «БТА банк» 2015 жылы банк қызметін жүргізуге арналған лицензиясын өз еркімен қайтарып, қаржы институты ретіндегі қызметін тоқтатқан. Қазіргі уақытта компания негізінен өзінің кредиттік және инвестициялық портфелін басқарумен айналысады.

2016 жылы Кеңес Рақышев банктегі үлесін 97,79 пайызға дейін ұлғайтқан. Кейін, 2018 жылы банктің 29 пайыз акциясын Fincraft Group компаниясының жарғылық капиталына салым ретінде енгізіп, қалған акцияларын сол компанияның сенімгерлік басқаруына берген.

Сондай-ақ 2023 жылы кәсіпкер Беларусьтегі БТА банкті 230 миллион теңгеге сатқан.

Қазіргі таңда Кеңес Рақышев Қазақстанның ең ауқатты кәсіпкерлері рейтингінде 27-орында тұр. Оның байлығы шамамен 402 миллион доллар деп бағаланады.

Сайт Әкімшілігі