Қазақстан қой етін БАӘ-ге ішкі нарықтан арзанға сатып жатыр
Ел ішінде қой еті қымбаттап жатқанда, Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне етті ішкі нарықтан да арзан бағамен экспорттап отыр.
Бұл туралы economyKZ.org сайтына арналған аналитикалық материалында тәуелсіз сарапшы Ерлан Кәрімов мәлімдеді.
Сарапшының дерегінше, қазіргі таңда Қазақстаннан БАӘ-ге апта сайын шамамен 7 тонна салқындатылған қой еті жөнелтіледі. Алдағы уақытта бұл көлемді 10 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Алайда қызығы — экспорттағы баға Қазақстандағы бөлшек сауда бағасынан төмен болуы мүмкін. Мәселен, БАӘ-де қой етінің бір келісі шамамен 30 дирхам немесе 3 800 теңге болса, Қазақстанда кей өңірлерде оның бағасы 4 500 теңгеге дейін жетеді.
Ерлан Кәрімов мұны экспорттың көбіне көтерме келісімшарттар арқылы жүзеге асуымен түсіндіреді. Оның айтуынша, қазақстандық өндірушілер сыртқы нарықта Австралия, Үндістан және Пәкістанмен бәсекеге түсу үшін бағаны әдейі төмендетуі ықтимал.
Сарапшы сондай-ақ ішкі нарықтағы бағаның өсуіне делдалдар, жем-шөп құны, жанармай, логистика және маусымдық сұраныс әсер етіп отырғанын айтты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда қой еті бағасы 29 пайызға қымбаттаған. Ал 2026 жылдың наурызында тірі қойдың орташа бағасы 86,3 мың теңгеге жеткен.
Сарапшының пікірінше, бағаны тұрақтандыру үшін Құрбан айт қарсаңында уақытша экспорттық шектеулер енгізу, жем-шөпті субсидиялау және өңірлік мал сою орталықтарын құру қажет.
Оның айтуынша, мұндай шаралар қабылданбаса, Қазақстан қой шаруашылығы дәстүрі мықты ел бола тұра, өз халқы үшін қой етін қолжетімсіз өнімге айналдырып алуы мүмкін.