Иран АҚШ соққыларына жауап ретінде баллистикалық зымырандар ұшырды
АҚШ әскері Иранның оңтүстігіндегі Горук ауданындағы және Кешм аралындағы жағалауды бақылау радиолокациялық станцияларына соққы жасады.
Бұл туралы сенбіге қараған түні АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдеді.
Әскери ведомствоның хабарлауынша, соққылар Иран тарапынан жасалуы мүмкін жаңа шабуылдардың алдын алу мақсатында жүзеге асырылған.
Сондай-ақ CENTCOM Ормуз бұғазы бағытына ұшырылған төрт ирандық дронның атып түсірілгенін растады.
«Бірнеше сәт бұрын CENTCOM күштері Ормуз бұғазы бағытына ұшырылған төрт Иран дронын жойды. Бұл дрондар аймақтағы теңіз қатынасына тікелей қауіп төндірді», – делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін CNN телеарнасы ресми дереккөзге сүйене отырып, Иранның Ормуз бұғазы бағытында бірнеше дрон жібергенін, олардың кемінде үшеуін америкалық әскерилердің атып түсіргенін хабарлаған. Ал CBS телеарнасы төрт дрон туралы мәлімет таратқан.
CENTCOM мәліметінше, АҚШ күштері 5 маусым күні Ормуз бұғазы мен Парсы шығанағындағы мемлекеттерге бағытталған бірнеше ирандық баллистикалық зымыран мен дронды да қағып түсірген.
АҚШ тарапының мәлімдеуінше, Иран Кувейт пен Бахрейнге қарай жеті баллистикалық зымыран ұшырған. Оның алтауы әуеде жойылып, біреуі мақсатына жетпеген.
Өз кезегінде Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) АҚШ шабуылдарына жауап ретінде Таяу Шығыстағы америкалық әскери базаларға зымырандық соққы жасағанын мәлімдеді. Сонымен қатар Ормуз бұғазынан рұқсатсыз өтпек болған төрт танкерге оқ атылғаны хабарланды.
Reuters агенттігінің мәліметінше, соңғы аптада АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыс бірнеше мәрте өршіген. Бұған дейін Тегеран Оман шығанағындағы оқиғаларға жауап ретінде америкалық эсминецке шабуыл жасағанын мәлімдеген. Ал ИРСК АҚШ-тың Бесінші флоты штабына соққы бергенін хабарлаған.
Өз кезегінде Вашингтон Иранның Кувейт пен Бахрейнге бағыттаған зымырандары мен дрондарын жойғанын және Кешм аралындағы әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеп отыр.