Әлеумет

«Үтікпен күйдірген»: Шымкенттік әйел өз балаларын азаптағаны үшін сотталды

Шымкентте сот өз балаларын азаптады деп айыпталған әйелді 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды.

Фото: Жас Алаш коллажы

Сот мәліметінше, анасы 8 жастағы ұлы мен 10 жастағы қызын қатыгездікпен жазалап отырған. Бір күні ол ұлының темекі шеккенін көріп, ұрып-соғып, кейін шанышқыны қыздырып, баланың аузын күйдірген. Бала кешірім сұрауға келгенде, оны қайтадан ұрған.

Екі күннен кейін әйел балаларын ақша ұрлады деп айыптап, қыздырылған үтікпен ұлының бетін, қызының ішін күйдірген. Одан кейін екеуінің де шашын тақырлап алып тастаған. Бұдан бөлек, сотталушы балаларды жаза ретінде мұздай суға секіруге мәжбүрлеген және тұншықтырған.

Әйел ата-ана құқығынан айрылды.

Сот оны кәмелетке толмағандарды азаптау, сондай-ақ аса қатыгездікпен физикалық және психологиялық зардап келтірді деп танып, 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Otyrar мәліметінше, сотталған әйел үкіммен келіспейтінін айтқан. Оның сөзінше, оқиға кезінде ол өзін-өзі басқара алмаған. Сондай-ақ ол ұзақ уақыт бойы күйеуі мен туыстары тарапынан қысым мен қорлық көргенін мәлімдеді.

Қазір балалар мемлекет қамқорлығына алынды.

Сотталған әйел мен оның туыстары апелляциялық шағым түсіретінін хабарлады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Шымкент