Әлеумет

АҚШ Сенаты Иранға қарсы соғысты тоқтатуды қолдайтын қарар қабылдады

АҚШ Сенаты Иранға қарсы әскери іс-қимылдарды тоқтатуды көздейтін қарарды мақұлдады. Бұған дейін құжатты Өкілдер палатасы да қолдаған болатын.

Фото: ашық дереккөз

Reuters агенттігінің хабарлауынша, қарарды 50 сенатор қолдап, 48-і қарсы дауыс берген. Дауыс беру нәтижесі Республикалық партия ішінде де Иранмен жалғасып жатқан қақтығысқа қатысты алаңдаушылықтың күшейгенін көрсетті.

Қарар мәтініне сәйкес, АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық қарулы күштерді Иранға қарсы немесе Иран аумағындағы әскери іс-қимылдар аймағынан шығаруы тиіс. Алайда құжаттың заңдық күші жоқ. Яғни ол Ақ үй үшін міндетті талап болып саналмайды және негізінен саяси мәлімдеме сипатында.

Қарардың бастамашылары болған демократ сенаторлар Конгресс Иранға қарсы жаңа әскери операцияларды өз келісімінсіз бастауға болмайтынын нақты көрсетуі қажет деп есептейді.

Сонымен қатар Ақ үй қарардың қабылдануын демократтардың жеңісі ретінде қарастырмайтынын мәлімдеді. CNN дерегінше, Трамп әкімшілігі құжаттың қабылдануын бірқатар республикашыл сенаторлардың дауыс беру кезінде болмауымен байланыстырған.

Ақ үй өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда АҚШ пен Иран арасында ресми әскери іс-қимылдар аяқталғандықтан, қарардың практикалық маңызы шамалы.

Еске салайық, АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс 2026 жылдың ақпан айының соңында басталған болатын. Кейін тараптар атысты тоқтату режиміне келіп, маусым айының ортасында екі айлық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға сәйкес, тараптар әскери әрекеттерді тоқтатып, Иранға салынған санкцияларды кезең-кезеңімен жеңілдету, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру және Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерді жалғастыру жөнінде уағдаласқан.

Қазіргі уақытта Вашингтон мен Тегеран арасында түпкілікті бейбіт келісімге қол жеткізу жөніндегі келіссөздер жалғасып жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, тараптар ядролық бақылау, санкциялар және Ормуз бұғазындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша бірқатар алдын ала келісімдерге қол жеткізген.

Сайт Әкімшілігі