Ақмола облысындағы шахтада тағы да заңсыз кен іздеушілер қаза тапты
Ақмола облысындағы Бестөбе кентінде орналасқан «Қазақ алтын» шахтасында екі адам қаза тапты.
«Жетінші арнаның» хабарлауынша, заңсыз алтын рудасын іздеп жүрген ер адамдарды топырақ басып қалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Солтүстік Қазақстан облысының 38 және 21 жастағы тұрғындары жабылып қалған шахта туннеліне заңсыз кірген. Іздестіру жұмыстары кезінде жер опырылып, ер адамдар тірідей көміліп қалған.
Құтқарушылар үйіндіні аршып, марқұмдардың сүйегін алып шыққан.
Ақмола облыстық полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Әсем Абдрахманованың айтуынша, Бестөбедегі кеніштердің бірінде тау жынысы опырылып, салдарынан екі адам қаза болған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Степногорск қалалық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Кәсіпорын өкілдерінің сөзінше, шахталарға кіретін негізгі жолдар жабық. Алайда заңсыз кен іздеушілер жер астына түсу үшін «дудка» деп аталатын жасырын өткелдерді пайдаланады. Олардың бәрі бірдей жер бетіне қайта шыға бермейді.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері өңір шахталарына заңсыз кіру салдарынан бес адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алған.
Айта кетейік, 2026 жылдың наурыз айында дәл осы Бестөбе кенішінде тағы үш заңсыз кен іздеуші зардап шеккен еді. Сол кезде олардың бірі көз жұмып, екеуі ауруханаға жатқызылған.