Әлеумет

Лукашенко Арменияны Украина тағдырын қайталамауға шақырды

Беларусь басшысы Александр Лукашенко Армения азаматтарын алдағы парламент сайлауы қарсаңында сақ болуға шақырып, «Украинада болған жағдайды қайталамауды» ескертті.

Фото: РИА Новости

29 мамыр күні Астанада өткен Еуразиялық экономикалық одақ саммитінде сөйлеген Лукашенко армян халқына Еуропалық одақпен жақындасу мәселесінде мұқият шешім қабылдауға кеңес берді.

«Құдай сақтасын, Украинада болған оқиғаны қайталамау үшін өте сақ болған жөн. Украинада бәрі дәл осылай басталған», – деді Лукашенко.

Осылайша ол Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін айтқан ұстанымды қайталады.

Путин де Астанада өткен баспасөз мәслихатында Украинадағы дағдарыс Киевтің Еуропалық одаққа ұмтылуынан басталғанын айтып, қазіргі таңда дәл осындай бағытты ұстанып отырған Арменияға ишара жасаған.

Лукашенко Армения азаматтарын ЕО-мен жақындасу үшін ЕАЭО-дан бас тартудың салдарын мұқият ойластыруға шақырды.

Ал Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян әзірге Еуроодақ пен ЕАЭО арасында таңдау жасау мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын мәлімдеді.

«Егер мұндай мәселе нақты қойылатын болса, сол кезде тиісті талдау жүргіземіз. Қазір біз мұндай сценарийді қарастырып отырғанымыз жоқ», – деді Григорян.

Осыған дейін ЕАЭО елдерінің басшылары Армениядан Еуропалық одаққа кіру мен ЕАЭО құрамында қалу мәселесі бойынша референдум өткізуді талап еткен болатын. Ал Путин Ереван ЕАЭО-мен байланысын үзетін болса, оның экономикалық салдары болуы мүмкін екенін ескерткен.

ЕАЭО құрамына Армения, Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан кіреді.

Сайт Әкімшілігі