Түркістанда Түркі өркениеті орталығы салынады
Түркістанда Түркі өркениеті орталығы салынады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары капсула салып, жаңа нысанның құрылысына ресми түрде бастау берді. Орталықтың басты идеясы – түркі халықтарын әлем тарихында өзіндік орны бар ұлы өркениеттің жасаушылары, терең философия мен көпғасырлық мемлекеттік дәстүрдің иесі ретінде таныту. Орталықта ғылыми зерттеулерге, ортақ тарихи мұраны жүйелеуге, мәдени туризм мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ орталықтың архитектуралық шешімі символизмге құрылатыны айтылған.
«Кешен кеңістігінде Тәңір, Ергенекон, Көкбөрі, Жерұйық, Ұлы дала және Өмір ағашы секілді түркі дүниетанымының негізгі ұғымдары көрініс табады. Экспозиция бірнеше тақырыптық аймақтан тұрады. Орталық жұмысында заманауи технологиялар кеңінен қолданылмақ. Виртуалды және толықтырылған шындық (VR, AR), голография, жасанды интеллект, сондай-ақ иммерсивті дыбыс пен жарық жүйелері келушілерге тарихи оқиғалардың қатысушысы ретінде сезінуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады Ақорда.