Қоғам

Құлыбаев, Ким, Рақышев: миллиардерлер компанияларын көшіріп жатыр

Қазақстандағы ірі кәсіпкерлер негізгі активтерін басқаруға қатысты құрылымдарын «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясына жаппай көшіріп жатыр.

Фото: ашық дереккөзден

АХҚО-да бірқатар жаңа холдинг тіркелген. Атап айтқанда, Тимур және Динара Құлыбаевтар Almex Holding Limited компаниясын құрған. Ол «Алмэкс» холдингінің иесі атанды. Бұл құрылым Halyk Bank акцияларының шамамен 62%-ын бақылайды. Сонымен қатар Тимур Құлыбаев Farabi Development Limited компаниясын тіркеген.

Владимир Ким мен Эдуард Огай RBK Holding Limited және Kazakhmys Holding Limited компанияларын АХҚО-ға ауыстырған. Бұдан бөлек, олар Нұрхан және Нұржан Нұрлановтармен бірге KazChemicals Limited компаниясының қатысушылары ретінде көрсетілген. Ал Кеңес Рақышев АХҚО-да Fincraft Energy Holding, Arkhat Minerals және Altaris Holding құрылымдарын орналастырған.

Вячеслав Ким болса United Group Alatau Ltd компаниясын тіркеген. Неліктен ірі бизнес

АХҚО-ны таңдайды?

Сарапшылардың пікірінше, бұған бірнеше фактор әсер етеді. Біріншісі – ағылшын құқығының қолданылуы. АХҚО common law қағидаттары негізінде жұмыс істейді және жеке тәуелсіз соты бар. Бұл ірі мәмілелерді рәсімдеуге, акционерлер арасындағы дауларды шешуге және мұрагерлік мәселелерін реттеуге ыңғайлы. Екіншісі – салықтық жеңілдіктер. Компанияны АХҚО-да тіркеу автоматты түрде салықтан босатпайды. Дегенмен дивидендтер, акциялармен жасалатын операциялар және капитал өсіміне қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Үшінші себеп – деофшоризация саясаты. Ақпаратқа сәйкес, қазақстандық билік бизнеске басқару құрылымдарын елге қайтару талабын қойған. Бұған дейін көптеген ірі активтер Кипр, Нидерланд және Люксембург сияқты юрисдикциялардағы офшорлық құрылымдар арқылы басқарылып келген.

Сайт Әкімшілігі