Жаслан Мәдиев. «ЖИ АТАСЫ»
Білесіз, қазақта «Күй атасы – Құрманғазы» деген тіркес бар. Осыған орайластырып, ЖИ атасы – Жаслан Мәдиев десек, жарасатын сияқты.
Себебі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «аты-жөні» өзгеріп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылғанда, сол саланы басқарған жас шенеунік еш «өзгеріссіз» жаңа министрліктің басына келіп, Премьер-министрдің орынбасары деген лауазымды қосып алды. Салыстырмалы түрде айтсақ, уақыт пен саясатқа байланысты «аталар» бірінің артынан бірі келе беретіні анық. Алайда жасанды интеллекттің «түп атасы» ретінде Жаслан Мәдиев тарихқа кіргелі тұр. Кейіпкеріміздің тағы да қандай қырлары тарихқа енуі тиіс? Жаслан «түзіп» бастаған ЖИ «шежіресіне» қайын жұртының қандай қатысы бар? Міне, біз бүгін осы сауалдарға ЖИ көмегінсіз-ақ жауап беруге тырысамыз.
ЖИ жылдамдығынан жүйрік жігіт
Жаслан Мәдиев – Алматының баласы. 1983 жылы өмірге келген. Өмірбаянына көз салсаңыз, білімге құштарлығы байқалады. 21 жасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «әлемдік экономика және халықаралық қаржы» мамандығы бойынша бітірген. Бұдан кейін көкжиегі кеңейіп, сырттан өріс іздеді. 2007 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Колумбия университетінің Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару мектебін тамамдады. Яғни Сіз бен біздің салығымыздан жиылған ақшаға шетелден білім алып оралды. Бұған қоса, 2016 жылы Массачусетс технологиялық институтының Слоун бизнес мектебін тамамдаған.
Бірақ кейіпкерімізді ата-анасына «масыл» болып, білім қуып жүре берді деуге болмайды. Ол әл-Фараби атындағы ұлттық университетін бітіре сала, «Альянс Банкке» жұмысқа кірген. Екі-үш жылдан кейін «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ корпоративтік қаржыландыру департаментіне бас менеджер болып барды. Оны айтасыз, 25 жасында Президент әкімшілігіне тұяқ іліктірді. Сосын «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы», Ұлттық банк секілді жайлы да, майлы жерлерде жүрді. Осыны ескергендер, Жаслан Мәдиевтің өсу деңгейін ЖИ жылдамдығымен жиі салыстырып жүр.
Бірақ оның бәрін айтып отыру шарт емес. 2024 жылы болған бір қызықты жайтты еске түсірейік. Мәдиев ол кезде Цифрлық даму министрлігін басқаратын. Кейіпкеріміз үкімет отырысында eGov мобильді қосымшасында жасанды интеллект қалай жұмыс істейтінін көрсетіп берген. Көрсетіп бергенде, қолына смартфонын алды да, некеге тұруға талпынды. Ал жүйе одан бас тартты. Неге? Өйткені Жаслан Мәдиев баяғыда үйленіп алған ғой. Көрдіңіз бе, ЖИ деген «бәле» осының бәрін «сезіп» тұр. Өз білгенін елмен бөлісіп жатқанда, премьер-министр Олжас Бектенов Мәдиевке: «Некеде болсаңыз да, некеге тіркейді деп үміттендіңіз бе? Бүгін жиыннан кейін әйеліңізбен ауыр бір әңгіме болғалы тұр-ау», – деп қалжыңдаған. Үкімет басшысының әзілі әсер етті ме, әлде некесіз әйелдері есіне түсті ме, жиындағылар қотарыла күлді.
Міне, дәл осы тұста «Жаслан жар таңдауда ЖИ-дің өзінен ақылды болып шықты» дегендер кездесті. Бұл не сөз? Мұның мәнісін келесі бөлімде тарқатамыз.
«Қатын алма, қайын ал...»
– Оны министр етіп мен тағайындаған жоқпын, ол да мені ешқайда тағайындаған жоқ, мен одан бұрын депутат болдым. Қуану керек, жігіт өсіп жатыр.
Бұл – министрдің қайын атасы, мәжілісмен Дүйсенбай Тұрғановтың сөзі. Жаслан Мәдиев жаңа министрлікке басшы боларда, «тыныш жүрмейтін» журналистер депутатқа сұрақ қойған. Жауап жоғарыдағыдай шықты. Бірақ жауапта мін бар деп ешкім айта алмайды. Өйткені қайын атасы күйеубаласын, күйеубаласы қайын атасын қызметке тағайындай берсе, жоғары билік «ботқаға» айналмай ма. Дегенмен мұндағы ең үлкен шындық – мәжілісменнің «мен одан бұрын депутат болдым» дегені. Осы сөзді сәл тарқатып жіберсек, біраз дүниеге көзіңіз жете түсетіндей. Мысалы, Жаслан Мәдиев жалаңаяқ студент болып жүргенде, Дүйсенбай Тұрғанов Атырау қаласын басқарып тұрған. Кейіпкеріміз банкке бас сұққанда, атасы «KEGOC-тың» вице-президенті еді. Кейін екі бірдей министрлікте вице-министр болды. Мәдиев өсіп келеді, ал Тұрғанов төмендеп көрген жоқ. Яғни құлағынан ұстап, қызметке сүйремесе де, күйеубаласына батасын беріп, сыртынан жетістігіне қуанып жүруі мүмкін. Өсем деген балаға осының өзі жеткілікті ғой, негізі.
Жалпы, Жаслан Мәдиевтің қайын жұртына қатысты әңгіме оның Цифрлық даму министрінің креслосына отырған кезінде басталған. Бұл кезде кейіпкеріміз 40 жаста еді. Журналистер аннан-мұннан «түртпектеп», көптеген қызықты деректерді су бетіне шығарды. Майра Тұрғанова да білімнің «шетелдік бұлағынан» қанып ішкен қыз екенін жұрт сонда білді. Білімді адам әсілі кәсіппен айналысады ғой, Майраның бизнесі «майлы» көрінді. Оның премиум-класты шоколадпен құрма шығаратын Bateel Kazakhstan компаниясының құрылтайшысы екені, компанияның кеңселері Астанадағы Tallan Gallery, Алматыдағы Dostyk plaza сынды өте қымбат жерлерде орналасқаны, 2023 жылы компанияның кірісі 2,3 млрд теңгеге жеткені туралы ақпараттар сол кезде айтылды.
Министрдің әйелінің тағы бір тірлігі – Keleshek social fund. Аталмыш Қордың құрылтайшылары Майра Тұрғанова және Айнұр Мәми. Айнұр Мәми – бұрынғы Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің қызы. Бірақ бұл Қор қазір жұмыс істей ме, құрылтайшылары ауысты ма, бұл жағы беймәлім. Бір анығы, Айнұр Мәми – Асқар Жұмағалиевтің әйелі. Ал Асқар Жұмағалиев Жаслан Мәдиевтен бұрын, дәлірек айтқанда, 2018-2020 жылдары Цифрлық даму министрі болған, кейін Қазақстанның Нидерландыдағы елшісі қызметінен 2024 жылы босаған. Одан кейін не істеп жүргені белгісіз. Жаслан Мәдиевтің Уикипедиядағы өмірбаянында «Министрдің қайын атасы Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың бажасы» деп жазылған.
Жақындары жоғары билікте болған шенеуніктердің өмірбаянында осындай ілік-шатыстық жиі кездесіп тұрады. Бірақ мәселе қайын жұртыңның кім болғанында емес, қызметіңді қалай атқарғаныңда ғой. Енді жайлап осыған келейік.
«Криминальный авторитет»
Журналистердің де шығармайтыны жоқ қой, Жаслан Мәдиев жаңа министрлікке бас болғанда, BES.media тілшілері «Мына кісіні танисыз ба?» деп алматылықтарға сұрау салған. Министрдің суретін көргендер оны кімге ұқсатпады десеңізші: «кәсіпкер», «блогер», «әкім», «инженер», «депутат», «заңгер» деп «сарнап ала» жөнелгендер көп. Арасында «отырып шыққан алаяқ», «криминальный авторитет», «болашағы кемел, жақсы адам» дегендер де кездесті. Сосын әріптестеріміз, «Криминальный авторитет пе? Әлде жай ғана жақсы адам ба?» деген тақырыппен әзірленген видео-сауалнаманы әлеуметтік желіге «лақтыра» салды.
Былай қарасаңыз, күлетін нәрсе емес. Білдей министрді, министр болғанда да, көптің бірі емес, «ЖИ атасын» жұрт неге танымайды? Осыған шамданды ма, Мәдиев жұмысына белсене кірісті. Белсене дейтін себебіміз, 2025 жылдың 1 сәуірінде ата-аналар улап-шулаған. Себебі баласын 1 сыныпқа бергісі келгендер электронды үкімет арқылы өтініш түсіруі керек еді. Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі «енді бәрі онлайн, ары-бері жүрудің қажеті жоқ» деп уәдені үйіп-төккен. Ақырында не болды? Электронды үкімет электрден ажыраған құрылғыдай «қатты да қалды». Сонда ел шулап, журналистер министрді іздеп, абыр-сабыр болғаны есімізде.
Министрдің белсенгені сол, 2025 жылдың шілде айында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер іске қосылды. Қатып қалуға бейім «eGov» электронды Үкіметін «QazTech» платформасы алмастырды. Оны айтасыз, «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің құрамына SKAI есімді, әйел бейнелі ЖИ мүше болып кірді. Түсініп тұрсыз ба, «Самұрық-Қазынаның» бір басшысы – жасанды интеллект. Мұның жақсы жері, SKAI еңбегіне ақы алмайды. Жаман жері, қандай да бір өрескел қателік жіберсе, сотталмайды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі SKAI-дың «санасына» қандай қабілеттерді жүктегені белгісіз.
Мысалы, «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңесі мен басқарма мүшелері 2024 жылы 7,7 млрд теңге сыйақы алған екен. SKAI енді осындай жағдайларды сезе ме? «Әріптестер, қойыңдар, аталарың ақшадан өліп пе еді? Ақша-ақша деп арандарыңды аша бергенше, бірігіп президенттің тапсырмасын орындайық» деп «айтуы» мүмкін бе? Мұны бір білсе, Жаслан Мәдиев білетін шығар. Ал оның жұмысына президенттің қандай баға бергенін біз жақсы білеміз.
Министр тракторға «айналған» сәт
Биыл ақпан айында ғой, президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген жиынында Жаслан Мәдиевке сауал қойған. Жасанды интеллект министрлігінің жұмысынан қандай да бір жасандылықты байқады ма, президент көңілсіздеу кейіпте сөз бастады. Міне, сол кезде министрдің «интеллектісі» сыр берді ғой.
– Сіз KazLLM жөнінде мәлімдеме жасадыңыз, оны іске қостық деп айттыңыз. Бірақ, менің білуімше, ол бағдарламаға сұраныс әлі төмен, себебі ақаулары көп. Жұрт ChatGPT-ге жүгінеді. KazLLM-ге көшкісі келмейді. Сондықтан KazLLM-ның жағдайы не болып жатыр деген сұрағым бар. Не айтасыз?, – деді президент.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазіргі таңда бізде екі үлкен тілдік модель бар. Ол – KazLLM мен AlemLLM, олар қазіргі таңда 40-тан астам жүйелерде енгізілді.
Мәдиев отандық модельдерді мақтай отырып, біраз жерге барғанда, президент министрді орта жолдан тоқтатып алған.
– Мысалы, ChatGPT-де қанша адам отыр қазір?
– ChatGPT ... насчитывается сотнями миллионов...
– Жоқ, Қазақстан бойынша?
– Қазақстан бойынша, тірің-тірің-тірің тринадцать процентов...
Былай қарасаңыз, президент қазақша сөйлеп, қазақша сауал қойып отыр. Ал министр біресе қазақшаға, біресе орысшаға ауысып, екі тілден қойыртпақ жасады. Сондықтан Мәдиевтің мәңкілін «Тілдің киесі тілінен тартып қалды-ау» деп болжағандар аз болған жоқ сонда.
«Білмеймін, көрген жоқпын»
ЖИ-ді игерудің мәнақасын Мәдиевтің өз аузынан тыңдасаңыз, дәмдірек естіледі. Мәселен, министр Астанада ашылған Alem.AI орталығынан үлкен үміт күтіп отыр. Оған салсаңыз, Қазақстаннан енді әлемдік IT-компаниялар шығуы керек.
«Орталықтың жалпы аумағы – 22 мың шаршы метр. Бұл – тек бір ғимарат емес, толыққанды технологиялық экожүйе. Бірінші қабат – қоғамдық кеңістік. Онда музей, кинотеатр, хакатондар мен түрлі іс-шараларға арналған алаңдар, сондай-ақ балаларға арналған жасанды интеллект аймағы болады. Яғни келушілер жасанды интеллект өнімдерімен интерактивті әрі иммерсивті форматта танысып, жаңа технологиялардан шабыт алады. Сонымен қатар дәл осы жерде ЖИ шешімдері түрлі салаларда тестіленеді», – дейді Жаслан Мәдиев.
Иә, үміт деген жақсы. Бірақ мақсат іске асуы үшін қыруар шаруа атқарылуы керек. Егер жұмыс дұрыс атқарылмаса, мақсаттан мән кетеді. Мысалы, өткен жылы депутат Мұрат Әбенов министрліктің Tech Orda бағдарламасын сынап, Мәдиевті мойындатқандай болған. Алайда депутаттың кезекті сынын шенеунік «құлағының түбінен» өткізіп жіберді. Әбенов алаяқтардың банк қосымшалары арқылы азаматтарды тонап жатқанын ескертіп, Жаслан Мәдиевке сын айтқан. Депутаттың сөзінше, банк қызметкерлері алаяқтармен сыбайлас. Сондықтан депутат: «Алаяққа ақша берген банктің өзі қарызды өтесін. Өйткені банк ЭЦҚ-ның азаматқа нақты тиесілі екенін тексермей жатып, қарызды бере салады. Мұның бәрі цифрлық министрліктің жұмысының олқылығынан», – деген еді.
Ал Мәдиев қандай жауап айтты? Былай деді: «Бұл проблеманы білмеймін, көрген жоқпын. Өзім банктің мобильді қосымшасын пайдаланамын».
Иә, Жаслан Мәдиевтің кейде осылай «білмей», «көрмей» қалатыны бар. Естеріңізде болса, «білмей қалудың» әсерінен өткен жылы 16 миллион қазақстандықтың жеке дерекқоры тарап кетіп, қоғамда үлкен шу тудырған. Ал Мәдиев «мемлекеттік дерекқор бұзылмаған, бұл бұрын қолды болып кеткен деректерге ұқсайды» деп ақталды.
Сондықтан Мәдиевке бірдеңе мойындатам деп әуреленуден гөрі президенттің сөзіне жүгінген дұрыс сияқты. Өткенде ғана Алматыға келіп, Жасанды интеллектіні дамыту жөнінде кеңес өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған, қолданыстағы әдістеме бір ізге түспеген. Ішкі жалпы өнімді бес пайызға жеткізу туралы айтқанда, нақты экономика секторындағы өсім мен инновация нәтижесіндегі табыстың аражігін ажырата білу керек. Жалпылама көрсеткіштер көбіне жұмыстың тиімділігін емес, алдамшы көрініс қалыптастырып жатады. Сондықтан бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірлесіп, цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізгені жөн», – деген еді.
Қазіргі цифрландырудың сиқына президенттің осы сөзі дәлел болатын секілді. Айтпақшы, осы жиында Тоқаев тағы былай деді: «Бізде басқа таңдау жоқ: не тиімді цифрлық экономика құрамыз, не өркениет көшінің соңында қаламыз. Басқаша айтқанда, «не боламыз, не бордай тозамыз».
Байқадыңыз ба, болу мен бордай тозудың аражігіндегі негізгі тетік – Жаслан Мәдиевтің қолында. Ол осы мүмкіндікті қалай пайдаланады? Қазақстанды болдыра ма, бордай тоздыра ма?
Түйін
Әңгіме жасанды интеллект пен осы саланы басқарып отырған министр туралы болған соң, ЖИ-ден жайлап «сыр» тарттық. «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев президенттің сенімін ақтай ала ма?» деген сауал қойғанбыз. «Бұл сұраққа біржақты «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру қиын», – дейді ЖИ «қиналып». Сөйтеді де, министрдің «оң» және «теріс» жақтарын тізіп шығады. Сосын, «Саяси тұрғыдан қарасақ, Тоқаевтың сенімі әлі сақталып тұрған сияқты» деп министрдің вице-премьерге өскенін меңзейді. Сонымен, Мәдиев сенімді ақтай ма, ақтамай ма? ЖИ бүй дейді:
«Қазіргі жағдайда ең дәл баға: ол президенттің стратегиялық бағытын белсенді орындап жатыр, бірақ оның реформаларының нақты нәтижесі алдағы 2-3 жылда анық көрінеді».
Солайы солай ғой енді. Оған дейін орнынан түсіп қалмаса, 2-3 жылда не ары, не бері болады. Қиын жері, ары болса, цифрлық дамуды өзімен бірге кері сүйрейді. Сондықтан ЖИ айтқан межеге дейін күтіп отыра бермей, Жаслан Мәдиевті жиі-жиі қамшылап қоюдың ешқандай ерсілігі жоқ.
Сансызбай Нұрбаба