Пашинян партиясы Армениядағы парламент сайлауында жеңіске жеткенін мәлімдеді
Армения премьер-министрі, әрі «Азаматтық келісім» партиясының жетекшісі Никол Пашинян партиясының парламент сайлауында жеңіске жеткенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Азаматтық келісім» партиясы Армения Ұлттық жиналысында басымдыққа ие болып, үкіметті жеке өзі құра алады.
Пашинянның сөзінше, партия 2021 жылғы сайлаумен салыстырғанда биыл көбірек сайлаушының қолдауына ие болған.
– 2021 жылмен салыстырғанда «Азаматтық келісім» партиясына көбірек азамат дауыс берді. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді премьер-министр.
Сондай-ақ ол армян халқының таңдауы бейбітшілікке бағытталғанын атап өтті.
Пашинянның пікірінше, сайлаушылардың басым бөлігі Түркия және Әзербайжан елдерімен бейбіт қарым-қатынасты қолдап дауыс берген.
– Армения халқы Түркия және Әзербайжанмен бейбітшілік үшін дауыс берді. Біз бұл елдерден оң реакция күтеміз. Әсіресе Түркиямен шекараның ашылуын күтеміз, – деді ол.
Премьер-министр сайлау қорытындысы азаматтардың мемлекет тәуелсіздігіне, тұрақтылық пен бейбіт болашаққа деген таңдауын көрсететінін айтты.
Сонымен қатар ол қаза тапқан армян сарбаздарының рухына тағзым етіп, Армения халқының бірлігі мен ел тәуелсіздігін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта дауыстарды санау жалғасып жатыр. Сайлаудың ресми қорытындылары әлі жарияланған жоқ.