Трамп Иранға жасалған жаңа соққыларға қатысты пікір білдірді
АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскерилердің Ирандағы бірнеше нысанға соққы жасағанын растады және Тегеранға қатаң ескерту жасады.
«АҚШ авиациясы Иранның зымыран және дрондары сақталған қоймаларына, сондай-ақ жағалаудағы радиолокациялық станцияларға соққы берді», – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Ол бұл әрекетті «атысты тоқтату туралы келісімнің кезекті рет бұзылуына жауап» деп атады.
«Өткен тәжірибе оларды ештеңеге үйретпеген сияқты. Егер мұндай әрекеттер жалғаса берсе, біз ұстамдылық таныта алмайтын жағдай туындауы мүмкін және әскери жолмен істі соңына дейін жеткізуге мәжбүр боламыз. Ондай жағдайда Иран Ислам Республикасы өмір сүруін тоқтатуы мүмкін», – деді АҚШ президенті.
28 маусымға қараған түні АҚШ Иран аумағындағы бірнеше әскери нысанға жаңа әуе соққыларын жасады. АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) бұл операцияның Ормуз бұғазында коммерциялық кемеге жасалған кезекті шабуылға жауап ретінде жүзеге асырылғанын мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, соққылар әскери барлау инфрақұрылымына, байланыс жүйелеріне, әуе қорғанысы позицияларына, дрон қоймаларына және теңіз миналарын орналастыруға арналған құралдарға бағытталған.
Бұған жауап ретінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) АҚШ-тың Кувейттегі әуе базасы мен Бахрейндегі әскери-теңіз базасына соққы жасағанын хабарлады.
CNN телеарнасының мәліметінше, 25 маусымда Иран Ормуз бұғазы арқылы жүзіп өткен Сингапур туы астындағы жүк кемесіне шабуыл жасаған. Дереккөздің айтуынша, кеме төрт ирандық ұшқышсыз аппараттың шабуылына ұшыраған. Осы оқиғаға байланысты Трамп Иранды атысты тоқтату шарттарын бұзды деп айыптады.