Әлеумет

18 жастағы студенттің өліміне қатысты сот Астанада басталды

Астанада 18 жастағы студенттің өліміне қатысты резонансты іс бойынша сот процесі басталды.

Фото: ktk.kz

КТК арнасының мәліметінше, айыпталушылардың бірі қылмыс кезінде құқық қорғау органдарында жұмыс істеген. Оқиға былтыр желтоқсан айында түнгі клуб маңында болған.

Марқұмның анасы Толқын Чүкеева ұлының өлімінен кейін әлі күнге дейін өз-өзіне келе алмағанын айтады.

«Миына қан құйылған. Арқасынан қатты соққы алған. Жүрегі тоқтап қалған. Екі жақтан ұрып, кейін теуіп-соғып өлтірген. Бұл – қатыгездік! Адамды ит сияқты сабап өлтірген. Олар заң алдында қатаң жауап беруі керек», – деді ол.

Қатігез төбелестің басталған сәтін куәгерлер видеоға түсіріп алған. Алайда марқұмның туыстары іс бойынша бұдан басқа бейнематериалдар жоқ екенін айтады.

Әді Чүкеев 24 желтоқсанда 18 жасқа толған. Ал үш күннен кейін, 27 желтоқсанда елордадағы түнгі клубтардың бірінің жанында көз жұмды.

Марқұмның анасының айтуынша, сол түні таңғы сағат бес шамасында үлкен ұлы хабарласып, інісінің мәйітханада жатқанын айтқан.

Айыпталушылар орнында екі адам отыр. Алғашқы сот отырысында олар бет-жүздерін көрсетуге тыйым салғандықтан, процесс кейінге шегерілген. Дәл осындай жағдай екінші отырыста да қайталанған.

Қаза тапқан жігіттің отбасы әр сот отырысына Аягөзден Астанаға 1200 шақырым жол жүріп келуге мәжбүр.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Дамир Ишмаметовтің айтуынша, тергеу мәліметтері мен куәгерлердің сөзіне қарағанда, мас күйдегі екі жас жігіт студентке ауыр дене жарақаттарын салған.

«Олардың бірі сол кезде құқық қорғау органдарының қызметкері болған», – деді адвокат.

Сайт Әкімшілігі