Қоғам

Әйгілі Эйфель мұнарасының бір бөлігі сатылды

Эйфель мұнарасы баспалдағының бір бөлігі Франциядағы аукционда шамамен 450 мың еуроға сатылды.

Фото: Pixabay

Arcurial мәліметінше, саудаға мұнараның тарихи бұрандалы баспалдағының фрагменті шығарылған. Биіктігі шамамен 2,7 метр болатын бөлікте 14 басқыш сақталған.

Аукцион алдында артефакт 120-150 мың еуро көлемінде бағаланған. Алайда аты-жөні жарияланбаған француз коллекционері ең жоғары баға ұсынып, лоттың иесі атанды.

Сатылған баспалдақ бөлігі Эйфель мұнарасының екінші және үшінші деңгейлерін жалғап тұрған. Дәл осы баспалдақпен 1889 жылғы дүниежүзілік көрменің алғашқы қонақтары көтерілген.

Белгілі мұнараны инженер Гюстав Эйфель Париждегі дүниежүзілік көрме үшін салған болатын.

Салмағы шамамен 1,4 тонна болатын конструкция 40 жылдан астам уақыт бойы жеке коллекцияда сақталған. Аукцион алдында оны Эйфель мұнарасына қызмет көрсететін мамандар қалпына келтірген.

1983 жылы мұнараны жаңғырту кезінде екінші және үшінші қабат арасындағы баспалдақ қауіпті деп танылып, бөлшектелген. Оның орнына заманауи лифтілер орнатылған.

Кейін тарихи конструкция 24 бөлікке бөлінген. Қазіргі уақытта оның кейбір фрагменттері Азаттық мүсіні маңында, музейлерде, Жапониядағы жеке бақтарда және Disneyland аумағында сақтаулы.

Айта кетейік, Эйфель мұнарасы бастапқыда уақытша нысан ретінде жоспарланған. Алайда кейін ол Париж қаласының басты символына айналып, әлемдегі ең танымал туристік орындардың бірі атанды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Эйфель