Трамп: Қытай АҚШ-тан 200 Boeing ұшағын сатып алады
Трамп Қытай АҚШ-тың Boeing компаниясынан 200 ұшақ сатып алуға келіскенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Бейжіңдегі келіссөздерден кейін Fox News арнасына берген сұхбатында айтты.
Трамптың сөзінше, бастапқыда Boeing 150 ұшақ сатуды жоспарлаған.
— Boeing 150 ұшақ сатқысы келген еді, бірақ олар 200 ұшаққа тапсырыс алды. Бұл – өте көп жұмыс орны, — деді АҚШ президенті.
Бұған дейін америкалық БАҚ Қытай шамамен 500 дана Boeing 737 MAX ұшағын және 100-ге жуық ірі лайнерге, соның ішінде 787 Dreamliner мен 777 модельдеріне тапсырыс беруі мүмкін екенін жазған.
Келіссөздерге Boeing бас директоры Келли Ортберг те қатысқан. Алайда компания әзірге Трамптың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірмеді.
Сонымен қатар Трамп Қытай төрағасымен Иран мәселесін реттеуге көмектесуге дайын екенін айтқанын жеткізді.
— Ол: «Егер қандай да бір көмегім тисе, қуана көмектесер едім» деді, — деп мәлімдеді Трамп.
АҚШ президентінің айтуынша, Си Цзиньпин Ормуз бұғазының қайта ашылуына мүдделі. Қазіргі таңда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы аясында Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы күрт қиындаған.
Ормуз бұғазы — әлемдік мұнай саудасындағы ең маңызды бағыттардың бірі. Ал Қытай Иран мұнайының ең ірі импорттаушысы саналады.
Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы Рубио NBC News арнасына берген сұхбатында Вашингтон Бейжіңнен ешқандай көмек сұрамағанын айтты.
— Біз Қытайдан көмек сұраған жоқпыз және оған мұқтаж емеспіз. Трамп тек жағдай туралы ақпарат берді, — деді Рубио.