Әлеумет

Луганск облысындағы колледж ғимаратына жасалған соққыдан 21 адам қаза тапты

Ресей президенті Владимир Путин Украина қарулы күштерін Старобельск қаласындағы педагогикалық колледждің оқу корпусы мен жатақханасына «теракт жасады» деп айыптады.

Фото: ашық дереккөз

Бұл қала Луганск облысының Ресей бақылауындағы бөлігінде орналасқан.

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, 22 мамырға қараған түні болған шабуыл салдарынан 21 адам қаза тауып, тағы 42 адам жараланған. Құтқару жұмыстары аяқталған. Ресми ақпаратта шабуыл кезінде ғимаратта 14 пен 18 жас аралығындағы 86 жасөспірім болғаны айтылды.

Путиннің сөзінше, шабуыл кездейсоқ болмаған. Оның айтуынша, «16 дрон бір нүктеге үш толқынмен бағытталған». Ресей президенті жатақхана маңында ешқандай әскери нысан болмағанын мәлімдеді.

«Дрондар біздің әуе қорғаныс жүйелерінің әсерінен кездейсоқ осы ғимаратқа құлады деуге еш негіз жоқ», – деді Путин.

Ол Ресей қорғаныс министрлігіне бұл шабуылға жауап беру жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырған. 22 мамыр кешінде Ресей Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысы да осы мәселені талқылаудан басталған.

Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Василий Небензя БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Батыс елдерін Старобельскідегі шабуылды айыптауға шақырды. Оның айтуынша, мұндай соққылар НАТО елдерінің Украинаға алыс қашықтықтағы қару мен барлау көмегін беруінің арқасында жүзеге асып отыр.

Ал Ұлыбритания, Дания және Латвия өкілдері бұл ақпаратты тәуелсіз түрде тексеру мүмкін болмағандықтан, оқиғаға қатысты мәліметтер дезинформация болуы ықтимал екенін айтты.

Украинаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Андрей Мельник Ресей тарапының мәлімдемесін «таза пропагандалық шоу» деп атады.

Украина Қарулы күштерінің Бас штабы Кремльдің азаматтық нысанға соққы жасалды деген мәлімдемесін «манипуляция» деп сипаттады.

«Украина қарулы күштері халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтай отырып, тек әскери инфрақұрылым мен әскери мақсатта пайдаланылатын нысандарға соққы береді», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар Украина тарапы 22 мамырға қараған түні Ресейдің бірнеше нысанына соққы жасалғанын растады. Олардың қатарында мұнай өңдеу зауыты, оқ-дәрі қоймалары, әуе қорғаныс жүйелері мен басқару пункттері болған. Сондай-ақ Старобельск аумағындағы «Рубикон» бөлімшесінің штабтарының бірі нысанаға алынғаны айтылды.

Украина мәліметінше, «Рубикон» — Ресей қорғаныс министрлігінің дрондарға маманданған құпия бөлімі.

Conflict Intelligence Team зерттеу тобының негізін қалаушы Руслан Левиев колледждің нысанаға алынуына екі ықтимал себеп болуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, ғимаратта шынымен «Рубикон» оқу орталығы орналасқан болуы мүмкін немесе барлау кезінде нысанды анықтауда қателік кеткен болуы ықтимал.

Сайт Әкімшілігі